Культура

“Ақылы сабақты халық көп сұрайды”: Ақылын саудалаған «инфосығандар» туралы блогерлер пікір білдірді

“Қазір тез баюдың жолын үйретеміз, тұрмыс тауқыметінен шығатын жолды көрсетеміз” дейтін мотиватор-коуч көбейген. Бірақ олардың білім деңгейіне мән беріп жатқан ешкім жоқ. Инстаоқытушылар онсыз да «шықпа жаным, шықпалап» отырған халықты босқа әурелеп, салмақ салып отырған жоқ па деген ой келеді. Жақында желіде отырып, “ақылын сататындарға” қарсы онлайн петиция жарияланды. Stan.kz редакциясы желі қолданушыларынан өздері инфосығанға балайтындардың атын атауды сұрап, сауалнама жүргізген еді. Олардың арасында есімдері бірнеше рет қайталанғандары табылды. Осы орайда Stan.kz тілшісі инфобизнесте жүрген блогерлерден “инфосығандар” ағыны туралы не ойлайтынын сұрап көрді.

Петиция авторы Серік Әбішев бүгінде республикада блогерлер мен ықпал етушілер күшейіп келе жатқанын, соның аясында жосықсыз жалған сарапшылардың қазақстандықтарға тікелей эфирді сатып жатқанын атап өтті. Халық желіде отырып, ақыл сататындарды “инфосығандар” деп атап кеткен.

«Бұл адамдар өздерін сарапшы ретінде көрсетіп, пайдасыз ғана емес, шындыққа жанаспайтын, тіпті зиянды ақпаратты насихаттайды. Сонымен қатар, елімізде инфосығанның таралуы шын мәнінде құнды ақпараттық өнім беретін нағыз сарапшылардың беделіне кері әсерін тигізуде. Олар өздерін инфобизнесмендер, бизнес-жаттықтырушылар, жаттықтырушылар және мотиваторлар ретінде көрсетіп, аудиторияға қаржылық өсуге, рухани ағаруға және керемет табыс табуға уәде береді. «, – дейді петиция авторлары.

                                                                          “Таңдауды адам өзі жасауы керек”

Блогер Өркен Кенжебектің айтуынша, инфобизнес саласындағы мәселе белгілі бір топтың наразылығымен шешілмейтін көрінеді.

“Қазір кім неге қарсы болмай жатыр?!. Петиция жариялау деген сұмдық жаңалық емес деп ойлаймын. Бірі қолдаса, екіншісі даттап жататыны белгілі. Оның әрқайсысын бақылап, назар салып отыру мүмкін емес. Ал мына мәселеде нарық шешуі керек. Қандай да бір топтың наразылығы, жеке адамның айқайы тіпті қол жинауы мәселені шешпейді. Петиция жарияланды екен деп инфобизнес саласы құлдырап кетпейді. Таңдауды адам өзі жасауы керек. Сапасыз сабақтарды сатып алмауы керек. Сапалы адамның сабағы әрқашан сұранысқа ие. Оны көргесін сапасыз курс сататындар өздері-ақ шетке шығып қалады. Нарық реттейді деген сөзім осы. Бұл жерде аудитория маңызды рөл атқарады. Ақылы расымен сапалы болса, оны халық іздеп жүріп, ақшасын төлеп сатып алады. Сол кезде жарты жолдан ақша жасап жүргендердің аузына құм құйылады”, – дейді блогер.

                                                                         “Ақылы сабақты халық көп сұрайды”

Ал өзін психолог деп таныстырған Балқия Балтабайдың айтуынша, ақылы сабаққа қатысатын халықтың қарасы көп көрінеді. Ислам шеңберінде түсіндіретін психологқа ақылын ақшаға саудалағандарға дін не айтады деп сұрадық.

“Мен исламтанушы емеспін. Кәсіби дипломы бар психологпын. Осы салада бірнеше дипломым мен тәжірибем бар. Сол тәжірибеме сүйеніп айта аламын. Одан кейін мен өте көп тегін сабақ беретін адаммын. Жеке арнамда 200-ден аса тегін видео-сабақтарымды жүктеп қойдым. Әлеуметтік желіге де тегін сабақтарымды жариялап отырамын. Ал ақылы сабақты халық өзі сұрайды. Соларды ескеріп кейде ақылы сабақ ұйымдастыратыным рас.

Айта кетейін, менде барлығы заңды. Одан кейін онлайн ғана сабақ өткізбеймін. Оффлайн, жеке кездесу сабақтарды да жасаймын. Мен барлығының атынан жауап бере алмаймын. Өзім 15 жылдан бері психология саласында жүргесін және халықтың сұранысын қанағаттандыру мақсатында сабақтарымды өткіземін. Халықтың білім алуға ынтасы мен ақылы сабақ сатып алуға жағдайының жеткені бізді қуантады. Тегін бере берсе екен деп кедейлік санамен өмір сүргеннен гөрі, халықтың көзі ашылып, әлемдік деңгейде сауатты болғаны жақсы емес пе?!. Кез келген дүниенің ақысы бар. Университеттегі білімге де ақша жұмсайтыны секілді ақылы сабақ сатып алу да адамның өзіне және болашағына құйған инвестиция екенін түсінуіміз керек”, – дейді кәсіби психолог.

Петиция жарияланған күні әлеуметтік желіде сауалнама ұйымдастырып, оқырмандардан кімдердің сабақтарын сатып алдыңыздар деген сұрақ қойдық. Оқырман пікірі екіге жарылды. Бірі психологтардың сабақтарынан нәтиже көріп, жетістікке жетсе, енді бірі өмірінің еш өзгермегенін алдыға тартты.

Тілшіміз тізімде аталғандардың барлығына хабарласып, есімдерінің аталу себебіне қатысты пікірін білмек болды. Дегенмен блогерлердің көпшілігі бастарын ала қашты, не мүлдем пікір беруден бас тартты.

Сауалнама пікірлерінде желі қолданушыларының бірі “Инфосығандардың тізімінен бөлек, сабақ сатып алғандардың тізімін жасасақ бір том кітап болады” деп жазды.

“80 пайыз коучтар мен блогерлердің бәрі – инфосыған. Соларға ақша төлеп, сабақтарын сатып алып жүргендер – қараңғы надан адамдар. Одан да сол ақшаға кітап сатып алып, оқыңдар. Сол кезде сауаттарың ашылады. Инфосығандарға ақша төлегенше бала-шағаңа жұмса” дейді тағы бір желі қолданушысы.

“Айнұр Тұрсынбаева, Мақпал Қаратай, Құралай ханым, Мамасита, Гүлзада Тұрлаш, Фариза Төреәлінің сабақтары өтірік. Ешқандай нәтиже бермейді” деп ашуланды бір оқырман.

“Емханада қабылдауымды күтіп  отырып, бір апаймен танысып сөйлесіп кеттік. Келіні үйде баламен отыр екен, Айнұр Тұрсынбаеваның сабағын сатып алады екен де стенаға табысым төрт миллион, күйеуімнің табысы екі миллион деп жазып қойып қозғалмай жатқанына төрт жыл болды дейді. Жассыңдар ғой сендер сондай сатып аласыңдарма деп сұрап жатыр”, – дейді кезекті желі қолданушысы.

Другие новости

Back to top button