Актюбинская область

Ақтөбеде тас жол салып жатқан жұмысшылар төрт айдан бері жалақы ала алмай отыр

Ақтөбе облысында «Шалқар-Бозой» тас жолын салып жатқан жұмысшылар наразылыққа шықты. Төрт айдан бері жалақыға қол жеткізе алмай жүрген жұрт қосалқы мердігер компанияның кеңсесіне келіп, шу шығарды. Төзіміміз таусылды деген атпалдай азаматтар Шалқар көлінің табанын да тазарттық деп отыр. Бірақ еңбекақыға келгенде басшылық сан түрлі сылтау айтып, созбалаңға салды дейді. Айлық алмағандардың қатарында күзетшілер мен аспаздар да бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Бұл жұмысшылар 400 шақырымды артқа тастап, Шалқар ауданынан Ақтөбеге амалдың жоқтығынан келген. Қосалқы мердігердің қаладағы кеңсесіне жиналғандар таңның атысы, кештің батысы күре жолды салып жатыр. Одан бөлек, көлдің түбін тазартқан. Бірақ ауа райының қолайсыздығына қарамастан тер төккен тепсе темір үзетін жігіттер төрт айдан бері жалақы көрмепті.

“2023 жылғы қарашадан бастап 2024-тің наурыз айына дейінгі айлығымызды алған жоқпыз. Бәріміздің несиеміз бар. Он сағат жұмыс істейміз. “Беріледі” дейді. Мен үшінші топ мүгедекпін. Қант диабетімен есепте тұрамын. Төрт балам бар. Жағдайым қиындап кетті”, – дейді жүргізуші Мұхтар Досанов.

50-ден астам жұмысшының арасында күзетші, жүргізуші мен аспаздар да бар. Отбасымызды қалай асыраймыз деп ашынған көпшіліктің тауы шағылған. Ал, мердігердің кеңсесі жабық тұр. Облыс орталығына келу үшін қарыз алдық деген наразы топ еңбек инспекциясына да шағым түсіріпті. Ең қызығы, айлықты бермей жүрген компания ай сайын зейнетақы қорына ақша аударып тұрады екен.

“Еңбек инспекторына да бердік. Нәтиже жоқ болып жатыр. Ауылдық жерде тұрамыз. Осы жерге келу үшін көршілерімізден қарыз сұрап алып келдік. Шалқардың ар жағында 100 километр жерде тұрамыз. Бір балам мектепте оқиды. Бұлардың бастары қатты істейді. Зейнетақы қорына ақша аударады, айлығымызды бермейді”, –дейді ашынған аспаз Айгүл Бекмағамбетова.

Қосалқы мердігер компанияның басшысымен тек телефон арқылы тілдестік. Айтуынша, қаражатты тендерді ұтқан бас мердігерден ала алмай отыр екен. Ал, еңбек инспекциясы тексеріс жүргізіп, жұмысшыларға маңдай тер ақысын бермеген серіктестікке айыппұл салыпты.

“Бізге бірнеше рет арыз-шағым түсті. Оның ішінде топ, ұжым болып жазды. Сол бойынша біз тексеріс жүргіздік. Енді қорытынды берешегін анықтап отыр. Нұсқама бердік. Айыппұл салдық. Бүгінгі таңда осы материалдың бәрі жеке сот орындаушыларына жіберілді. Не себепті орындалмай отырғанын айта алмаймын. Жақын арада шешуге тырысамыз деп міндеттеме алды мойындарына”, дейді Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Талғат Искарин.

Ал шалқарлықтар жалақы бермесе жұмысты тоқтатуға бекінген. Мардымды жауап та, айлық та ала алмаған жұмысшылар көңілдері түсіп, ауылдарына тағы көк тиынсыз қайтты.

Бұған дейін Алматы облысында үлескерлер екі жылдан бері пәтеріне кіре алмай жүргенін жазған едік. Құрылыс бұдан екі жыл бұрын аяқталуға тиіс болған. Бірақ әлі күнге дейін көпқабатты үйдің қаңқасы толық қаланбаған. Баспаналы боламыз деп қуанған жұрттың басым бөлігі алғашқы жарнасын құйып, кейбірі толық төлем де жасаған. Бірақ әлі күнге дейін пәтер жалдап, тіпті туыстарын жағалап жүр.

Другие новости

Back to top button