Ақтөбеде мектеп бухгалтері 400 млн теңге ұрлап, ақшаны құмар ойынға салып тастаған
Мектепке құмар ойындарға тәуелді бухгалтер жұмысқа қабылданғаны кейін белгілі болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы Диапазонға сілтеме жасап.
Басылымның хабарлауынша, бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша Ақтөбедегі №55 мектебінің бас бухгалтері ұсталған. Қылмысын ол 2015-2023 жылдар аралығында жасап, жалпы шығын 413 миллион теңгені құраған. Жымқыру кезінде директордың электронды санды қолтаңбасы қолданылған. Ақыры, қылмысы ашылып, қаржыгер ұсталды.
Сотта істің таңғаларлық егжей-тегжейі айтылған. Мемлекет ақшасын ұрласа да бухгалтер байымай, букмекерлерге ставка жасап, бәрінен айырылған. Сотта оның жылдар бойы құмар ойынға тәуелді болғаны анықталды. Адвокаты жұмысқа орналасқанға дейін сотталушы құмар ойындардан зардап шегіп, несиеге батқанын айтқан.
Адвокаты сотталушының антикормен ынтымақтасқанын және соның арқасында басқа адамдарға қатысты құқықбұзушылықтарды анықтауға қол жеткізілгенін ескеру қажет екенін атап өтті.
Сот жарыссөзінде адвокат сотталушы психиатриялық аурумен (лудомания) ауырады деп мәлімдеді.
Бухгалтер ұрлық жасағанын мойындады, бірақ айыптау бабын қайта қарауды сұрап отыр. Сот әлі аяқталған жоқ.