Ақтөбеде жылу желілерінің 54%-ы тозып тұр
Ақтөбеде жылу желілерінің 54%-ы ескірген. Биыл жөндеу жұмыстарына 1,3 млрд теңге бөлінеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе қаласында жылыту маусымы 18 сәуір күні аяқталады. Ол кезде тұрғын үй, мекемелер мен мектептер жылу желісінен ажыратылады. Ал, емдеу орындары мен балабақшаларға жылу 29 сәуірге дейін беріледі.
«Биыл жылыту маусымы аяқталуға жақын. Аяқталған соң жаңа жылыту маусымына дайындық басталады. Биыл күрделі жөндеу жұмыстарына 1,3 млрд теңге бөлініп отыр. Ол 4 шақырымдық жылу желісін жөндеуге жеткілікті. Кейін 15-17 мамыр аралығында желілерді қысыммен тексереміз», — дейді «Aqtobe su-energy group» АҚ бас директорының жабдықтау жөніндегі орынбасары Айтбай Дауылбаев.
Оның айтуынша, жылу желілерінің 54 пайызы тозған. Жыл сайын 11-12 шақырым желіні жөндеуге тарифтің төмендігі мүмкіндік бермей отыр.
«Биыл 13 қазандыққа жөндеу жүргізіледі. Оның үшеуі – күрделі жөндеу жұмысы. Ал, жылу желілері туралы айтар болсам, 1 маусымға дейін өңірдегі жылу желілеріне техникалық сараптама жүргізіледі. Кейін жөндеу жоспары дайындалады. 2024-2027 жылдары қаржы республикалық бюджеттен бөлінуі мүмкін. Қазіргі кезде министрлік қолдап отыр», — деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Нұрберген Бекеев.
Айта кетейік, алдағы жылыту маусымында бюджеттік мекемелерге 31,5 мың тонна көмір, 1 925 тонна дизель отыны керек. Тұрғындарға 22 мың тонна көмір тасымалданады.
Еске салсақ, 11 сәуір күнгі Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов Индустрия министрлігіне Энергетика министрлігімен және өңір әкімдерімен бірлесіп, 1 маусымға дейін қолданыстағы жылу желілерінің жағдайына техникалық тексеру жұмыстарын аяқтауы керектігін ескертті.