Актюбинская область

Ақтөбеде әлеуметтік желіде басталған жанжал екі жасөспірімнің өлімімен аяқталды

Ақтөбе қаласы маңындағы Қызылжар ауылында топтық төбелес болып, екі жасөспірім мерт болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

 

Қызылжар ауылында орналасқан «Алмаз» дүкенінің маңында топтық төбелес болып жатқаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына жедел тергеу тобы мен облыстық прокуратура басшылығы жедел жетеді. Аталған жайтқа сәйкес Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігі 1, 9, 14-тармақтары бойынша қылмыстық іс қозғалды.

«Ақтөбеде полицейлер өліммен аяқталған ұрысқа қатысқандарды анықтап, 6 адамды ұстады. Ақтөбеде төбелес болып, оның төрт қатысушысы медициналық мекемеге пышақ жарақатымен түсті. Біраз уақыттан кейін 2006 жылы туған екі жігіт реанимация бөлімінде жан тапсырды», – деп хабарлады полиция департаментінің өкілдері.

Алдын ала деректер бойынша 2 қаңтар күні Instagram әлеуметтік желісінде кәмелетке толмаған А. мен В. арасында жанжал шығып, нәтижесінде кәмелетке толмаған В. А.-ны келесі күні «Алмаз» дүкенінің маңына кездесуге шақырған.

Іс бойынша процессуалдық прокурор тағайындалып, тергеу барысы облыс прокурорының жеке бақылауына алынды.

«Төбелес ұйымдастырғандар уақытша ұстау изоляторына қамалды, Кісі өлтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. ҚР ҚІЖК-нің 201-бабына сәйкес өзге де ақпарат жария етілмейді», – делінген полиция хабарламасында.

 

Қазіргі уақытта төбелес болған дүкен ғимаратының жанында қан іздері жатқаны көрінеді.

Другие новости

Back to top button