Ақтөбеде 89 млн теңгені талан-таражға салған телеарна қызметкерлері сотталды
«Қазақстан» РТРК» АҚ-ның Ақтөбе филиалында бас есепші, есепші, заңгер сотталды. Ол 2018-2021 жылдар аралығында 89 млн теңгеден астам қаржыны талан-таражға салған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Іс Ақтөбе қаласы №2 сотында қаралды. «Ақтөбе» телеарнасының бас есепші, есепші, заңгеріне Қылмыстық кодекстің «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу» бабы бойынша айып тағылды. Іс материалына сүйенсек, 2018 жылдың ақпанынан 2021 жылдың желтоқсан айына дейін «Қазақстан» РТРК» АҚ Ақтөбе филиалының бас есепшісі, сатып алу жөніндегі заңгері есепші бағдарламаларды түсіруге, іс-шараларды ұйымдастыруға, сурдоаударма жасауға, мерекелік бағдарламаларды өткізуге, дезинфекциялауға, декорацияға қажетті қызметтерді көрсетті, деп жалған төлем операцияларын жасаған. Барлығы 89 млн теңгеден астам материалдық залал келтірген. Сот отырысы кезінде бас есепші мен заңгер өз кінәсін мойындамады, ал есепші ішінара мойындады.
«Прокурор бас есепші мен заңгерді 8, ал есепшіні 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауды, оларды өмір бойына коммерциялық және мемлекеттік ұйымдарда 10 жылға басшы лауазымдарды атқару құқығынан айыруды сұрады. Істі қарау кезінде заңгер басқа біреудің сеніп тапсырылған мүлкін иемденуге көмектесуші деп сараланды. Сот үкімімен сотталушыларға коммерциялық және мемлекеттік ұйымдарда басшы лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырыла отырып, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. Келтірілген залал сотталғандардан ортақ тәртіппен өндірілді»,- деп хабарлады Ақтөбе қаласы №2 сотының баспасөз қызметі.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.