Актюбинская область

Ақтөбе облысындағы ауылда мал мен үйді тегін алуға болады – видео

Ақтөбе облысының тұрғыны Жұмабай Бекмағамбетов туған ауылын көркейтуге мүдделі. Кәсіпкер көшіп келетін әрбір адамға мал мен үй беруге дайын. Ауылда жұмыс та табылады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.

Қарлау ауылы Хромтау ауданында орналасқан. Осы жерде туып өскен азаматтардың бірі Жұмабай Бекмағамбетов елді мекеннің гүлденуі жолында аянбай еңбек етіп жүр. Екі жыл бұрын өз қаржысына ауылдағы бастауыш мектептің құрылысын бастап, былтыр пайдалануға берді. Жергілікті амбулаторияның да қызмет етуіне жағдай жасаған. Енді әр үйге ауыз су мен газ жетсе деген тілегі бар. Бірақ ол үшін биліктің көмегі қажет.

«Басты мақсатым – Қарлау елді мекенін құлатпау. Осы ауылға көшіп келем, осы ауылға орнығам, тұрам деген адамдар болса, оларды қарсы аламыз. Мен өзім сол шаруа қожалығының атынан 1 сиыр, 10 қой көтермесін беремін. Осында бос тұрған үйлер бар. Соларды сатып алып беремін. Келесі жылы амандық болса, үй саламын деп отырмын», — дейді кәсіпкер.

Қазіргі кезде ауылда 30 шақты үй бар, 150-ге тарта адам тұрады. Негізгі кәсіп – мал шаруашылығы. Қазір малшы, тракторшы, механизатор, ветеринар секілді мамандар қажет. Қожалық иелері лайықты жалақы төлеуге де әзір. Ал отбасылы жандар болса, балаларын жергілікті мектеп қабылдауға дайын.

Бастауыш мектеп 40 балаға арналып салынған. Дегенмен қазір бұл жерде бар-жоғары 11 оқушы білім алып жүр.

«Келешекте ауылымызға көшіп келушілер болса, біздің мектептен орын табылады. Көбейгені жақсы ғой, балалардың бір-бірімен жарысуына, бәсекелестігіне көп бала болғанын қалаймыз. 4-сыныпты бітіргеннен соң, гимназияға барып оқиды. 18 шақырым жер. Ауыл тұрғындарының санын көбейтіп, шаруашылығын дамыта түсу қарапайым тұрғындардың да арманына айналған», — деп атап өтті Қарлау бастауыш мектебінің меңгерушісі Алмагүл Бекмағамбетова.

Другие новости

Back to top button