Актюбинская область
Ақтөбе облысында қар құрсауында қалғандарды құтқаруға әскерилер көмекке келді
Ақтөбе облысында қар құрсауында қалған жүргізушілер мен жолаушыларға Қарулы күштердің «Батыс» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері көмекке келді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Қорғаныс министрілігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Жұмыстар құтқару қызметтерімен және өңірлік жол полициясы қызметкерлерімен бірлесіп жүргізілуде. Төтенше жағдай кезінде адамдарға көмек көрсету үшін «Батыс» ӨңҚ-ның 30238 әскери бөлімінен көп мақсатты жеңіл сауытты шынжыр табанды тягач бөлінді. Өтімділігі жоғары көлікке оннан астам адам сыяды. Жол талғамайтын әскери көліктің экипажы облыс орталығынан 65 шақырым қашықтықтағы Ақжар кентінің маңында жұмыс істеп жатыр», — делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта әскери қызметшілер 26 азаматқа көмек көрсетті. Олардың арасында екі айлық нәресте де бар.
Құтқару жұмыстары жалғасуда. Ақтөбе облысының Төтенше жағдайлар департаментінің келісімі бойынша эвакуациялық топ Бөгетсай-Қарабұтақ бағытына жылжитын болады.