Ақтөбе облысында оқушылармен апатқа ұшыраған жаттықтырушыға үкім шықты

Ақтөбе облысы Мәртөк аудандық соты оқушыларды жеке көлігімен алып келе жатып, жол апатына ұшыраған жаттықтырушыға үкім шықты. Сот 1 жыл 6 ай бостандығынан айыру жазасын шартты түрде кесті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Азаттық мәліметінше, үкім заңды күшіне енген жағдайда Мәртөк спорт мектебінің жаттықтырушысы Нұрлыбай Жұмабай үш жылға көлік жүргізу құқынан да айырылады.
ТЕРГЕУ МАТЕРИАЛДАРЫ
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, Мәртөк аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Нұрлыбай Жұмабай 2024 жылдың 14 қарашасында оқушыларды мектептен алып кеткен. Ол жаттығу аяқталған соң, балаларды жеке көлігіне отырғызып, қайта мектепке жеткізбек болған. ВАЗ-2170 маркалы көлікте жаттықтырушыдан бөлек, екі ұл мен екі қыз болған.
№4 орта мектептің 5-сынып оқушысы Айару Серік көліктің алдында отырған. Мәртөктің көшесінде басты жолмен келе жатқан көлікке жол бермеген жаттықтырушы жол апатына түсіп, салдарынан оқушы қыз терезеден ұшып кеткен. Ол 54 күн ес-түссіз жатып, 2025 жылдың 6 қаңтарында Ақтөбе облыстық балалар ауруханасында көз жұмды. Жаттықтырушының көлігінде болған үш бала аман қалған.
Жаттықтырушыға “көлік құралын пайдалану қағидасын бұзу” бабы бойынша айып тағылды. Ол кінәсін толық мойындап, істі қысқартылған тәртіпте қарауды сұрады.
СОТ ПЕН ТАРАПТАРДЫҢ КЕЛІСІМІ
Мәртөк аудандық сотының мәліметінше, жаттықтырушы Айарудың отбасына материалдық көмек көрсетіп, тараптар медиация тәртібімен татуласқан. Қаза тапқан оқушының анасы Қатира Қалилаева жаттықтырушыны кешіргенін растады.
— Қызымның рухы тыныш болуы үшін бұл туралы көп сөйлескім келмейді, деді ол.
Мәртөк аудандық білім бөлімінің басшысы Әсет Есалин жаттықтырушының тоғызқұмалақтан жарысқа дайындау үшін балаларды мектептен қолхат арқылы алып кеткенін айтты. Жол апатынан кейін №4 мектептің директорына ескерту берілген.
МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫНА ҚАТЫСТЫ ЖОЛ АПАТЫ
Ақтөбе облысында оқушылар отырған көліктің жол апатына ұшырауы бұған дейін де бірнеше рет болған.
- 2022 жылдың желтоқсанында Темір аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі директорының орынбасары оқушыларды жарысқа жеке көлігімен апара жатып, жол апатына түсті. Көлікте 9 оқушы мен жаттықтырушы болған. Бір оқушы қаза тауып, төрт бала мен жаттықтырушы ауыр жараланған.
- 2023 жылдың 19 желтоқсанында Ақтөбе облысы Жаныс би ауылынан шыққан Toyota Alphard көлігі Ырғызға 50 шақырым қалғанда жүк көлігімен соқтығысты. Көлікте екі мұғалім мен 14-16 жастағы бес оқушы болған. Апат салдарынан бір мұғалім мен екі оқушы қаза тапты.
- 2024 жылдың 7 тамызында Әйтеке би ауданы Қарашатау ауылының оқушылары Маңғыстаудағы футбол жарысына бара жатып, жол апатына ұшырады. Toyota Ipsum көлігі Хромтау қаласынан 20 шақырым жерде MAN жүк көлігімен соқтығысқан. Апаттан 8 адам қаза тапты, оның ішінде 5 мектеп оқушысы болған.