Госорганы

Ақтаудағы апат: Әшімбаев ұшақтағы атылған оқтан қалған делінген іздерге қатысты пікір білдірді

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев қазіргі уақытта әуе апатының себептері мен зақымдану сипаты белгісіз екенін атап өтті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Сенат спикерінің айтуынша, оқиға орнында Қазақстан, Әзербайжан және Ресей өкілдері қатысқан арнайы комиссия жұмыс істеуде. Бұл елдердің мамандары бірге деректерді талдап, фотосуреттер бойынша қорытынды жасайды. Алайда, Әшімбаев кейбір адамдар осы жағдайды өз мүддесіне пайдалануға тырысып жатқанын атап өтті.

– Біріншіден, бұл алыпқашпа әңгімелер, дәлелсіз мәлімдемелер. Мұндай баға беруді қазір тарату дұрыс емес әрі этикаға жатпайды деп ойлаймын. Бұл, ең алдымен, кейбір адамдардың осы жағдайдан өзіне пайда түсіргісі келетінін, хайп жасап, қаралым жинап, басқа да өз мүддесін көздейтінін көрсетеді, – деді ол.

“АҚПАРАТ ҚОЛ ЖЕТІМДІ БОЛАДЫ”

Әшімбаев сонымен қатар, Қазақстан да, Әзербайжан да, Ресей де ақпаратты жасыруға мүдделі емес екенін атап өтті.

– Барлық ақпарат қоғамға жеткізіледі деп ойлаймын, бұл жөнінде ешкімде күмән болмауы тиіс. Мамандарға қорытынды жасауға мүмкіндік беріп, ол қорытындыларды ел азаматтарына жеткізу қажет, – деп түсіндірді ол.

Авиациялық қауіпсіздік туралы айтқан спикер бұл мәселе тек қайғылы оқиғалардан кейін ғана емес, әрқашан назарда болуы тиіс екенін айтты. Оның сөзінше, бұл – басты қорытынды.

Бұған дейін Настоящее время басылымы ұшақ ресейлік зениттік зымыран кешендері соққысының салдарынан апатқа ұшырады деген нұсқа қаншалықты рас я өтірік екені туралы материал жариялаған.

АҚТАУ МАҢЫНДАҒЫ АПАТ

25 желтоқсан күні Ақтау қаласының маңында Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Бакуден Грозныйға бағыт алған жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап38 адам қаза тапты.

Бортта 5 экипаж мүшесін қоса алғанда 67 адам болған. Жолаушылардың 6-ауы Қазақстан, 42-сі Әзербайжан, 3-еуі Қырғызстан, 16-сы Ресей азаматы.

29 адам жарақат алып, ауруханаға жатқызылды, олардың арасында екі бала бар. Апаттан аман қалғандар арасында қазақстандықтар жоқ.

Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтау маңындағы ұшақ апаты кезінде қаза тапқан қазақстандықтардың тізімін жариялады.

Ұшақ апатына байланысты қылмыстық іс ашылып, қайғылы оқиғаның себеп-салдарын тексеру үшін Үкіметтік комиссия құрылды.

Другие новости

Back to top button