Мангистауская область

Ақтауда полицейлер суицид жасамақ болған әйелді құтқарып қалды(ВИДЕО)

48 жастағы әйел ішімдік салдарынан өзіне қол жұмсамақ болған

Ақтаулық полицейлер суицидтің алдын алды, деп хабарлайды Polisia.kz.

10 қазан күні сағат 21:50 шамасында 15-шағын аудандағы үйлердің бірінің 2-қабатынан әйел адамның секіргелі жатқандығы жөнінде ақпарат келіп түсті.

Жағдайды оң шешу мақсатында оқиға орнына құрамында Нұрболат Көбегенов және Нұрбол Айтжанов есімді қызмет инспекторлары болған патрульдік полиция жасағы мен учаскелік полиция инспекторы Нұржан Жакипов барған кезде, әйел адам үйдің сыртқы бөлігінде кондиционер қондырғысының үстінде отырған.

«Полиция қызметкерлері тез арада жоспар құрып, әрекетке кірісті. Үйдің есігі кілттеулі, оны ашу үшін арнайы мамандар қажет. Уақыт жоғалтпастан, патрульдік полиция батальонының қызмет инспекторы Нұрболат Көбегенов үй алдындағы талдардың көмегімен жоғарыға көтерілді. Ал қалғандары әйелді сөзге тартып, қауіпсіздік шараларын жүзеге асырып, оның секіруіне кедергі келтірді. Нұрболат әйел адамды бірге алып, терезеден үйге кірді. Ол азаматшамен тумаластары келгенше біраз әңгіме жүргізіп, жанында болды», — делінген хабарламада.

Белгілі болғандай, 48 жастағы әйел адам ішімдік салдарынан осындай әрекетке барған. Суицидтің алдын алған полицейлер азаматшаны туыстарына тапсырғаннан кейін, өздеріне бекітілген аумаққа қызметін жалғастыруға кеткен.

 

Другие новости

Back to top button