Главное

Ақордада Тоқаев Вьетнам басшысымен келіссөз жүргізіп жатыр

Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада То Ламды қарсы алды. Екі елдің басшылары бүгін келіссөз жүргізеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елорда әуежайында Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Вьетнам коммунистік партиясы орталық комитетінің бас хатшысы То Ламды қарсы алған. Сапар аясында шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер өтеді. Сондай-ақ бірқатар маңызды құжатқа қол қою жоспарланған.

ЕКІ ЕЛДІҢ БАСШЫЛАРЫ НЕ ЖАЙЛЫ СӨЙЛЕСТІ

Ақорданың хабарлауынша, Қазақстан мен Вьетнам басшылары елорда әуежайында аз-кем әңгімелескен. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев:

Құрметті То Лам мырза, еліміздің астанасына қош келдіңіз! Сіздің сапарыңыздың тарихи маңызы зор және Қазақстан мен Вьетнам арасындағы ықпалдастықты кең ауқымда дамытуға тың серпін береді деп санаймын. Сіздің еліңізге жасаған сапардан үлкен әсермен оралдым. Вьетнаммен түрлі бағыттағы байланысты жан-жақты нығайту тұрғысынан жұмысты жалғастыру қажет деген ойға келдім. Екі ел ынтымақтастығының әлеуеті мол – деген.

Өз кезегінде То Лам ілтипат көрсеткен:

Қадірлі Президент мырза, Сізге және Қазақстан халқына шынайы ризашылығымды білдіруге рұқсат етіңіз. Ұшақ трапынан қарсы алғаныңыз – біз үшін зор мәртебе. Бұл асқан қонақжайлылықтың және бізге көрсетілген құрметтің белгісі. Қазақстан мен Вьетнамды тамыры терең достық қарым-қатынас байланыстырады.

Ақордадағы кездесуде әуелі Қасым-Жомарт Тоқаев пен То Лам бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Осыдан кейін мәртебелі мейманның сапарына орай салтанатты рәсімдер залында сап түзеген құрмет қарауылының бастығы мемлекет басшыларына сәлемдік баянат берді. Президент оркестрі екі елдің мемлекеттік Әнұранын орындады. Осыдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен То Лам кілемше бойымен Қазақстанның Мемлекеттік Туына қарай жүрді. Оның алдына келгенде мейман тоқтап, басын сәл иіп, өзінің құрметін білдірді.

Қазір екі елдің басшылары жоғары деңгейдегі келіссөз жүргізіп жатыр.

Другие новости

Back to top button