Әнші, актриса Айгүл Иманбаева жас күнінде танымал топта өнер көрсеткен енесі туралы айтып, видеосын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Айгүл Иманбаева Instagram парақшасына жариялаған жазбасында енесінің «Айгүл» тобында әнші болғанын, өзінің есімін сол топтың құрметіне қойғанын айтты.
«Кеш жарық достар! Екі күн болды Алматыдан енем келіп, өзімнің келіндік міндетімді атқарып жатырмын.
Құдайдың құдіретіне шек жоқ қой. Мамам (енем) 1968 жылы Қыздар мемлекеттік педагогикалық институтының жанынан ашылған «Айгүл» вокалды-аспапты ансамблінің құрамында әнші болған Ақжан Жайсанбаева. Қазір жасы 76-да. Мен өмірге келген жылдары ансамбльдің дүркіреп жатқан кезі екен. Содан менің мамамның құрбысы менің атымды сол ансамбльдің құрметіне Айгүл деп қойған екен.
Тағдыр жолымда араға қаншама жыл салып, өмірлік жартымның анасы «Айгүл» ансамблінде әнші болғандығы кездейсоқтық еместігі анық. Қадірлеймін», — деп жазады әнші Айгүл Иманбаева.
Ол өз сөзінде енесі екеуі екі телеарнаға түсірілімге келгені туралы айтты.
«Ал бүгін менде «Хабар» арнасында таңғы эфир болды. Ал мамамды «Абай» арнасы «Айгүл» ансамблінің құрамымен түсірілімге Алматыдан алдырады.Таңертең екеуіміз де әртіс болып, айнаның алдында жиналғанымыз тіпті қызық болды.
Шын сұрасаң жаратқан өз адамыңды кездестіреді.
Басқа адамға шын жүрегіңмен тілекші болсаң, ол өзіңе мың есе жақсы нәрсе болып қайтады. Видеодан кейін енемнің «Айгүл» ансамблінде ән айтып тұрған сәтінен бір фото», — дейді әнші.