Культура

«Анамның құшағы жетпеді»: Еркебұлан Дайыров алғаш рет анасы туралы айтты

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, актер Еркебұлан Дайыров алғаш рет ел білмейтін құпиясын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Алғашқы” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

 

Танымал актерді тәрбиелеп, қатарға қосқан – ата-әжесі. Туған шешесі баласының “мама” деген сөзін күтіп жүрген көрінеді.

“Әке-шешемді мойындамай, ата-әжемнің махаббатына малынып өстім. Өте қатты еркелетті. Әжем орысша бейәдеп сөздерді көп айтатын. Өнердегі құрдас-достарымнан жеңіліп бара жатсам, әжеме қоңырау шалып, “сыбатып” алатынмын. Қазір ол кісілер арамызда жоқ. Бір-ақ сәтте қос қанатымнан, шын жанашырымнан айырылып қалатынымды білген жоқпын. Туған әкем де дүние салды. Туған шешемді “тәте” деп өстім. Қазір маған анамның құшағы жетпейді. Ол кісіні күніне қанша рет “тәте” десем де, астарында “ана” деген сөз жатыр. Қаншама киномыз жүлде алып, өзім жеке жүлдеге ие болып жатсам, кімге қоңырау шаларымды білмей қаламын. Ата-әжем жоқ, әке жоқ, шешеме қатты жақын болмадым,” – дейді актер.

Осы кезде актердің туған анасы әңгіме араласты.

“Ата-енемнің көңіліне қарап, Еркебұланды бауырыма баспадым. Ол бала тумай тұрғанда, “біріншісі ұл болса, бізге бересің, сен тіпті армандама” деп енеміз қатаң ескертті. Ұл тудым да, бірден ата-енемнің бауырына салдым. Әлі есімде, жолдасым екеуіміз мектеп бітіргенімізге 25 жыл толып, ауылға бардық. Еркебұланның кішкентай кезі, далада ойнап жүр. Бір кезде маған қарай жүгіріп келді де, алдыма отырып алды. Өзім шай құйып отырғанмын. Теріс қарап үлгердім. Өйткені сол сәтте ата-енем қарама-қарсы отырған, сол кісілер ренжіп қала ма деп ойладым. Бірақ сол сәтте тамағыма өксік тығылды. Әлі күнге дейін қатты жақын тартпаймын. Ата-енеміздің көзі кетсе де, бауырыма баспадым. Өзі де маған салқынқанды екенін жасырмайды. Еркебұлан әкесі дүниеден өткенде қатты жылады. Ішіндегісінің бәрін бейіт басында айтты. Көзі тірісінде айтпағасын, не керек ол?! Көзімнің тірісінде баламның “мама” деген сөзін естігім келеді”, – дейді актердің анасы.

Бағдарлама барысында актер анасына қоңырау шалып, жағдайын білді. Телефонның ар жағынан анасы ұлын еркелетті. Алайда “мама” деген сөзді айта алмады.

 

Другие новости

Back to top button