Ана мен бала өлімін тыя алмай отырған облыстар ауылға барған дәрігерлерге 8,5 млн теңге төлемей отыр

Ана мен бала өлімі жоғары болып тұрған төрт облыста ауылға барған дәрігерлерге 8,5 млн теңге көтерме жәрдемақы қарастырылмаған. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министрдің айтуынша, былтыр алғаш рет 169 педиатр маманы даярланған, ал биыл 152 педиатр резидентураны аяқтады. Соңғы бірнеше жылда елімізде педиатрия кафедрасы болмаған еді. Осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап балалар бейініндегі жоғары сұранысқа ие 14 мамандық бойынша резидентурада оқыту басталады.
«Ауылдарға жұмыс істеуге келген тапшы дәрігерлердің 8,5 млн теңге көтерме төлемақы алуға мүмкіндігі бар. Алайда өткен жылы ауылда жұмысқа орналасқан 370 жас маманның 254-і ғана (70%) көтерме жәрдемақы алған. Ақмола, Жамбыл, Батыс Қазақстан және Абай облыстарында өлім-жітім көрсеткіші жоғары екеніне қарамастан көтерме төлемақы қарастырылмаған», — дейді Әлназарова Үкімет отырысында.
Ведомство басшысы үкімет қабылдаған шаралардың арқасында босандыру мен балалар кадрларының тапшылығы 25%-ға азайғанын атап өтті.
Айта кетері, елімізде қолданыстағы заң бойынша ауылға жұмыс істеуге барған медицина қызметкерлеріне 100 ең төменгі жалақы (8,5 млн теңге) мөлшерінде көтерме жәрдемақы төленеді.