Алматыдағы жер сілкінісі мен сабақтың тоқтатылуы көлік қозғалысына қалай әсер етті

«23 қаңтарға қараған түні сағат 00:09-да Алматыда жер асты дүмпуі тіркелді. Осыған орай, Sergek ITS жүйесінің деректері қалада көлік қозғалысының күрт өскенін көрсетті. Қозғалыс белсенділігі шамамен 4,5 есеге артып, түнгі 1:00-де шарықтау шегіне жетіп, тек таңғы сағат 5-те ғана қалыпты деңгейге оралды», — деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
Жер сілкінісінен кейінгі алғашқы сағатта қала жолдарындағы көлік саны 40%-ға артып, келесі сағатта максимум 208 мың көлікке жетті. Бұл өткен аптаның дәл осы уақытымен салыстырғанда 267%-ға артық.
Қаладан шыққан көліктер саны да 152%-ға өскен, ең үлкен өсім сағат 1:00-2:00 аралығында 239%-ға жеткен.
Сонымен бірге, Алматыда 23 қаңтарда бірінші ауысымдағы оқушылар үшін сабақтың тоқтауына байланысты таңертеңгілік көлік қозғалысы төмендеген. Алайда, орташа жылдамдық 25%-ға артқан.
Қар жауған күндері Алматыдағы көліктің орташа жылдамдығы сағатына 7 шақырымға дейін төмендейтіні анықталды. Ал жылдамдықтың максималды төмендеуі таңғы сағат 8-де тіркелген. Салыстырмалы түрде, аспан ашық күндері бұл уақытта жолдағы орташа жылдамдық сағатына 44 шақырым болса, қар жауғанда бұл көрсеткіш 20%-ға дейін төмендейді.
Айта кетейік, Sergek ITS – Sergek аппараттық-бағдарламалық жүйелерінен алынатын «үлкен» деректерді (big data) пайдаланып, көлік жағдайын талдау мен модельдеуге мүмкіндік береді. Бұл уәкілетті органдарға көлік ағындарын тиімдірек ұйымдастыруға, қалалық инфрақұрылымды жоспарлау немесе оған өзгеріс енгізген жағдайда не болатынын есептеуге көмектеседі.