Алматы

Алматыдағы ең қымбат ТОП-10 мектеп

Алматы қаласында түрлі бағыттағы білім беру мекемелері көп және бұл қатарда жекеменшік мектептердің алар орны ерекше. Осы мақалада «ҚазАқпарат» тілшісі қаладағы ең қымбат 10 мектептің тізімін ұсынып, әрбірінің білім беру ерекшелігі мен оқу тәсілін талдап көрді.

1. Алматыдағы халықаралық QSI мектебі

Қазақстандағы ең қымбат мектептердің бірінде білім алу құны – жылына 11 миллион 570 мың теңге. Оның ішіне тіркелу жарнасы, білім беру бағдарламасы мен балаларға арналған қосымша үйірмелер кіреді. Жеңілдік қарастырылмаған.
Дегенмен қосымша қызметтер бар. Мәселен, оқушылардың тамақтануы күніне 2400 теңге, ал балаларды мектепке жеткізу жылына миллион теңге болады. Бұл мектепте бірыңғай форма кию міндетті емес екенін айта кеткен жөн. Сол себепті оған шығындалудың қажеті болмайды.

2. Haileybury Almaty
Бұл мектеп 1-2 сынып оқушыларына жылына 9 миллион 140 мың теңгеге британ оқу бағдарламасын ұсынады.
Оқу құнына 4 мезгіл тамақтану, үйірмелер мен секциялар, академиялық білім алу мен тәрбие жұмысы, канцелярия тауарлары мен дәптерлер, арнайы академияда ағылшын тілін үйрету, күзет пен медицина пунктінің қызметі кіреді.
Дегенмен 45 мың теңге көлемінде тіркелу жарнасы мен 450 мың теңге кепіл жарнасын бөлек төлеу қажет.
2. Қазақстан халықаралық мектебі
Бұл мектепке бірінші сынып оқушысын беру жылына 8 миллион 835 мың теңге тұрады. Қор алымы жылдық оқу ақысының 1/3 бөлігі болады. Бұл алым баланың сыныптағы орнына кепілдік береді.
Бұл мектепте білім алу бағасы доллармен есептелетінін айта кеткен жөн. Қазақстандық теңге құнсызданатын болса – оқу ақысы көтеріледі.
Ата-аналар балалардың тамақтануына күніне қосымша 2700 теңге төлейді. Оқу жылында мектеп автобусын пайдалану екі жаққа 600 мың теңге болса, тек бір бағытқа – 450 мың теңге тұрады.
Дегенмен KIS-те бірнеше баласын оқытатын ата-аналарға екінші балаға 5% және одан кейінгі әр балаға 20% жеңілдік қарастырылған. Жеңілдікті жинақтауға болмайды.
4. High Tech Academy
Бұл мектеп жылына 5 миллион 875 мың теңгеге 1-5 сынып оқушыларына фин білім беру үлгісін ұсынады. Бұл бағаға білім беру бағдарламасы, үш мезгіл тамақтану мен оқу материалдары кіреді. Оқу ақысын жыл басында толық төлеуге немесе ай сайын бөліп төлеп тұруға болады.
Бір отбасыдан екі немесе одан көп бала осы мектепке баратын болса, 10% жеңілдік жасалатынын ерекше атап өту керек.
Оқуға қабылданар кезде 150 мың теңге көлемінде жарна енгізіп, 30 мың теңге тұратын сұхбаттан өту керек. Сұхбаттан сәтті өткен бала мектепке автоматты түрде қабылданады дегенді білдірмейді.
5. Халықаралық Мирас мектебі
Бұл мектепте бірнеше тілде, яғни қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде білім алуға болады. Оқу ақысы таңдаған тілге байланысты болады. Мәселен ағылшын тілінде білім алу жылына 5 миллион 123 мың теңге, ал қазақ немесе орыс тіліндегі білім құны – 4 миллион 329 мың теңге. Сондай-ақ орыс тілінде математиканы тереңдетіп оқуға болады. Бағасы – 3 миллион 150 мың теңге.
Оқуға түсу үшін 400 мың теңге жарна төлеу міндетті. Осы мектепте бірнеше баласы оқитын отбасыларға екінші балаға 5% және одан кейінгілеріне 10% жеңілдік қарастырылған. Мектепте арнайы мектеп формасы бар екенін айта кетейік. Оны бөлек сатып алу қажет.
6. Tamos Education
Бұл ұйымда бастауыш сынып оқушылары түрлі бағыт бойынша білім алады. Мәселен, «CAMBRIDGE» бөлімшесі жылына 4 миллион 356 мың тұратын тек ағылшын тіліндегі оқу бағдарламасын ұсынады.
Физика-математика мектебі 2 миллион 400 мың теңгеге орыс тілді және 2 миллион 160 мың теңгеге қазақ тілді бағдарламамен оқытады.
Балаларға ағылшын және қытай тілдерін үйрететін лингвистика мектебі орыс тілінде 2 миллион 500 мың теңгеге, қазақ тілінде 2 миллион 430 мың теңгеге білім береді. Жылына 1 миллион 900 мың теңге тұратын бастауыш математика мектебі бар.
Қосымша 500 мың теңгеге 3 мезгіл тамақтану қызметін сатып алуға болады. Ай сайын 38-42 мың теңгеге тасымалдау қызметі де бар, бағасы мектеп пен үй арасындағы қашықтыққа байланысты өзгеріп отырады. Тіркелу жарнасы – 300 мың теңге.
Сондай-ақ оқу орнында бір отбасының екі баласы оқыса, біреуіне 5% жеңілдік жасалады.
7. Халықаралық Galaxy мектебі
Кембридж оқу бағдарламасын ұсынатын бұл ұйымда білім алу бағасы – жылына 4 миллион 300 мың теңге.
Бұл бағаға білім беру бағдарламасы, оқу материалдары мен мектептен тыс қосымшалар кіреді. Оқу ақысын бірден төлегендерге 5% жеңілдік жасалады. Сонымен қатар бір отбасының әр баласына 5% жеңілдік қарастырылған.
Оқуға түсер кезде тапсыратын емтиханды төлеу керек, оның бағасы – 10 мың теңге. Сыныптағы орынды брондау үшін салынатын алғашқы жарна – 500 мың теңге. Бұл сома оқу ақысына қосылған.
Тамақтану мен мектеп формасы бөлек сатып алынады.
8. Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп
Бұл мектепте бірінші сынып оқушысының жылдық оқу ақысы – 4 миллион 50 мың теңге. Бір реттік алғашқы жарна – 420 мың теңге.
Оқу ақысына мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты, республикалық, халықаралық және басқа да зияткерлік жарыстарға дайындау, аптасына 4 сағат көлемінде мектептегі үйірме мен секцияларға қатысу, бастауыш мектепте ұзартылған күн тобы, медициналық және психологиялық көмек, үш мезгіл тамақтану кіреді.
Бір отбасының екінші және үшінші баласына 10% және жылдық оқу ақысын бірден төлесе 5% жеңілдік бар.
9. NGS Жаңа ұрпақ мектебі
Бұл мектептің 0-11 сынып оқушылары жылына 3 миллион 700 мың теңгеге оқиды. Білім беру қызметтері, медициналық көмек, оның ішінде логопед, психолог, сондай-ақ қосымша жүзу, ритмика, шахмат сабақтары, бес мезгіл тамақтану осы бағаға кіреді. Дегенмен 500 мың теңге көлемінде тіркелу жарнасын төлеу қажет.
Міндетті мектеп формасы, балаларды тасымалдау, экскурсия, лагерь сынды сабақтан тыс уақыттағы қосымша сабақтар бөлек төленеді.
Мектепте бір отбасының екі не одан да көп баласы оқыған жағдайда 5% жеңілдік қарастырылған.
10. Жәния Әубәкірованың авторлық мектебі
Бұл мектепте білім алу салыстырмалы түрде арзан – жылына 3 миллион теңге. Бұл сомаға жалпы білім беру бағдарламасы, музыкалық білім беру, шахматтан бастап робототехникаға дейінгі дамыту үйірмелері кіреді. Сондай-ақ балалар психологы, балалар дәрігері, логопедтің кәсіби қолдауын алып, төрт мезгіл үйлестірілген тамақ ішеді.
Базалық немесе арнайы музыкалық кезеңді таңдау бөлек төленеді.
Базалық музыкалық кезең – жылына 200 мың теңге.
Арнайы музыкалық кезең – жылына 400 мың теңге.
Тасымалдау бөлек төленеді. Айына 40 мың теңге шамасында.
Бұған дейін Алматыда жаңа оқу жылында 31 мың бала бірінші сыныпқа барғаны хабарланған болатын. Білім күні Алматыда 323 мектеп есігін айқара ашты, оның 215-і мемлекеттік болса, 108-і – жеке мектеп.

Другие новости

Back to top button