Госорганы

Алматыда үйлер мен ғимараттар тексеріле ме

Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Атығаев түнде болған күшті жер сілкінісі салдарынан үйлері зақымданған қала тұрғындарына қайда жүгінуге болатынын айтты.

«Тіршілікті қамтамасыз етудің барлық нысандары, жеке жер үйлер, көпқабатты тұрғын үйлер тексеріледі. Қала тұрғындары бізге ақпарат жібере алады, сонымен қатар біз өз ресурстарымызда және әлеуметтік желілерде телефон нөмірлерін жарияладық. Біз бәрін тексереміз. Нақты айта алмаймыз. Бүгін, ертең, арғы күні болуы мүмкін», — деп жауап берді спикер брифингте.

Еске салайық, бүгін, қаңтардың 22-сінен 23-іне қараған түні Алматыда бірнеше толқынмен жер сілкінді.

Ресми мәлімет бойынша алғашқы дүмпудің амплитудасы 5 баллға дейін жеткен. Салдарынан үрей бой алдырған тұрғындардың бір бөлігі қаланы тастап шығуға бекінген.

Мұның арты көлік кептелісіне ұласып, жанармай бекеттерінде кезек пайда болған.
Халық арасындағы байбаламды пайдаланып такси бағасын бірнеше есе көтеріп жіберу фактілері де тіркелді.

Эпицентрі Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай 264 шақырым жерде, Қырғызстан мен Қытай шекарасында орналасқан түнгі жер сілкінісі Алматы мен Шымкенттен бөлек, Астанада және Қазақстанның бес облысында сезілген.

24-25 қаңтар күндері Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға барады.

Ұлттық сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулер ғылыми орталығының директоры Дәулет Сәрсенбаев Алматыда жақын уақытта жойқын жер сілкінісі болмайтынын айтты.

Другие новости

Back to top button