Алматыда түзету орталығындағы маман аутист қызды жұлқылап, күш көрсеткен

Алматыда ерекше балаларға арналған түзету орталықтарының бірінде жанжал шықты.
Алматыдағы жекеменшік түзету орталығының мұғалімінің балаға агрессия көрсетіп жатқан видеосы тарады. Маман тоғыз жасар Надияға айғайлайды.
Қыз орталыққа сәуірден бері барып жүр. Анасы бір күні баласының қолының көгерген жерлерін көрген. Әйел бірден дабыл қағып, бейнежазбаны беруді сұрады.
“Аяғымен басып, қолын сермейді, жұлқылайды. Қызым қолымен басын жабады. Ол ешқашан бұлай жасамаған. Ерекше балаға бір нәрсені үйретуге ұзақ уақыт керек, яғни бұл реакцияны бойында қалыптастырған. Осы орталықта тергеу жүргізіліп, маманның жазалануын қалаймын”, – деді баланың анасы Ризвангүл Ыбырайымова.
Ризвангүл адвокатымен бірге әділдік орнату үшін бірнеше айдан бері құқық қорғау органдарының есігін қағып жүр.
Аталған факті бойынша Медеу аудандық полиция бөлімі «Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.
“Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға, қатысушылар мен куәгерлерді сұрауға, сараптамалық қорытындыларды алуға бағытталған жедел-іздестіру шаралары кешені жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы ерекше бақылауда. Оның қорытындысы бойынша кінәлі тұлғалар заңға сәйкес жауапкершілікке тартылады”, – делінген хабарламада.
Ризвангүл Ибраимова қазір баласын үйде оқытып жатыр. Осы оқиғадан кейін ерекше бала мұғалімдермен оқуға қорқады.
Бұған дейін Қостанайда түзету орталығындағы тәрбиешілердің балаларды ұрғаны видеоға түсіп қалғаны туралы жазған едік.