Алматыда сейсмикалық жаттығу өтіп жатқан кезде жер сілкінді
Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты «Сейсмологиялық бақылаулар және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы» ЖШС сейсмикалық станциялар желісі бүгін сағат 10:08 шамасында жер сілкінісін тіркеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Эпицентрі Алматы қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 259 км жерде Қытай аумағында орналасқан. Алматылықтарға оның афтершоктары сезілген.
“Алматы қаласында 2 балл сезілді. Зардап шеккендер мен ғимараттарға зақым келгені туралы ақпарат жоқ. Жағдай тұрақты”, – деп хабарлады төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі.
Министрлік азаматтарға сабыр сақтап, дүрбелеңге берілмеуге кеңес береді.
Кеше Төтенше жағдайлар министрлігі мен Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері 23 ақпанда қалада сейсмикалық жаттығу өтетінін мәлімдеген.
Сейсмикалық жаттығудың негізгі мақсаты — қала тұрғындарының төтенше жағдайларда іс-әрекетке дайындық деңгейін арттыру екені айтылады. Осылайша тұрғындар эвакуация маршруттарын, қауіпсіз орындарды алдын ала анықтап, дабыл чемодандарын дайындайды.