Экология

Алматыда қараторғайлар азайып барады — экологтар

Бұған табиғаттың ластануы себеп болуы мүмкін  

Алматыда қараторғайлар азайып барады. Тіпті талай ертегі тақырыбына арқау болған қарлығаштарды да көп көре бермейсіз. Бұған табиғаттың ластануы себеп болуы мүмкін, дейді экологтар. Ал биологтардың болжамы бойынша бұл құстардың азаюуының басты себебі бәсекелестікке байланысты екен. Яғни, қазір Алматыда «Майна» деп аталатын немесе «ауғандық» торғайлар қаптап кеткен, деп хабарлайды  «Хабар 24».

«Қараторғайлар мен майналардың ұқсастығы өте көп. Бірақ ауғандық торғайлар күштірек келеді. Сондықтан құстар тамаққа таласқан кезде әрине күші көптер басым түсіп жатады. Осы бәсекелестікке шыдамаған қараторғай мен қарлығаш секілді өзге құстар басқа жаққа ұшып кетуі мүмкін», — дейді Қазақстан биоәртүрлілікті сақтау қауымдастығының ғылым жөніндегі директоры Сергей Скляренко.

Құстардың азайып кетуінің тағы бір себебі ауылшаруашылық жерлерінде қазір химиялық дәрі-дәрмектер көп қолданылады.Мамандардың айтуынша, оның да әсері болуы ықтимал. Ал кейбір табиғат жанашырларының пікірінше, құстарға бұрынғыдай күтім жоқ. Яғни ерте көктемнен оларға арнайы ұя салып, күтіп-баптау шаралары мүлде жүргізілмейді.

«Кәдімгі қараторғай мен үй ауыл қарлығаштары дейміз, қалпына келтіру үшін белгілі бір деңгейде шара қолдану керек. Мысалы, құс ұяларын көбірек орналастыру керек. Сол жерде өсетін өсімдіктерге көңіл бөлу керек. Химиялық дәрілерді азайтып, мүмкін биологиялық препарататтарын көбірек қолдануды қарастыру керек. Сонымен жыртқыш құстар: сауысқан, сары жағалы қараторғайдың шектен тыс көбеюіне байланысты мүмкін оның санын шектеуге көңіл бөлу керек», — дейді Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ғылыми қызметкері Тұңғыш Жапарқұлов.

Ауғандық торғайлардың адамға еш зияны жоқ болуы мүмкін. Бірақ шектен тыс көбейіп кетсе, тағы болмайды. Өйткені қала аспанында қалықтап жүретін қараторғайлар немесе қарлығаш секілді өзге де құстар мүлде жоғалып кетуі ықтимал, дейді мамандар.

 

Другие новости

Back to top button