Алматыда жарылыс болып, екі адам отырған көлікті ұшырып жіберді (ВИДЕО)

Алматыда бүгін күндізгі уақытта Бұқар жырау бульварында жарылыс болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға орнынан түсірілген бейнежазбалар әлеуметтік желіде жарияланды. Газ құбырындағы жарылыстың салдарынан Toyota Land Cruiser жол талғамайтын көлігі әуеге көтеріліп, жерге түскен кезде аударылып қалды. Ал көлік ішінде жүргізуші мен жолаушы болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«QazaqGaz Aimaq» АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгін жаңа салынған жерасты газ құбырын қысыммен тексеру кезінде мердігер ұйым – «СантехКомплектГрупп» ЖШС жұмысы кезінде ауа қоспасы ауаға тараған.
«Оқиға салдарынан жол жабыны, ағаш және автокөлік зақымданды. Оқиға орнына қаланың барлық апаттық қызметі жедел жетті. Қазіргі уақытта аумақты тексеру және жарылыстың себептерін анықтау жұмысы жүргізіліп жатыр. Оқиға болған аумақ қоршалды, тұрғындар үшін қауіп жоқ. Қаза тапқандар жоқ», – деп мәлімдеді компания өкілдері.
«QazaqGaz Aimaq» АҚ жағдайды бақылауда ұстап отыр және азаматтарды сабыр сақтауға шақырады.
Өз кезегінде Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі агенттік тілшісіне берген түсініктемесінде екі адамның Орталық қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілгенін хабарлады.
«Қажетті тексерулер жүргізілгеннен кейін пациенттерге жұмсақ тіндерінің көгеруі диагнозы қойылды. Олардың жағдайы тұрақты, ауруханаға жатқызуды қажет етпейді. Тексеруден кейін амбулаториялық ем алуға жіберілді», – деп хабарлады денсаулық сақтау басқармасы.