Алматы

Алматыда жалақысын көтеруді талап еткен «Қазпошта» қызметкерлері наразылыққа шықты

Жұмысшылардың талаптарын талқылау үшін «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Алматыға ұшып келді

Алматыда жалақысын көтеріп, еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен «Қазпошта» қызметкерлері наразылыққа шықты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Біз небәрі 110-120 мың теңге аламыз. 70 мыңға дейін алатындар да бар. Бұл ақша өмір сүруге әлбетте, жетпейді.  Арамызда жалғызбасты аналар да бар. Бұл дегеніңіз, тиын-тебен ғой. Біз зейнет жасына жетіп қалдық, енді ешкім жұмысқа да алмайды. Олар осыны пайдаланып отыр. Ең болмаса, 150-200 мың теңге жасаса ғой дейсің. Бұрын, 1980-жылдары мекеменің жеке балабақшасы, жатақханасы, пәтерлері, пошта бөлімшесіне арналған емханасы болды. Қазір ештеңе жоқ. Олар бізге денсаулығымызға келетін зиян үшін тиесілі сүтті де әрең береді», — дейді компанияның ереуілге шыққан жұмысшыларының бірі.

Аталған жайтқа орай пкір білдірген «Қазпошта» АҚ баспасөз қызметі жалақы туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын және Алматы бөлімшесінің директоры Алтын Садықова оқиға орнында түсіндіру жұмыстарын жүргізгені туралы мәлімдеді.

«Бүгін, 16 қыркүйекте филиал ғимаратының алдына жиналған жұмысшылар еңбекақыны көтеруді талап етті. Оқиға орнына жеткен басшылық өкілдері наразылық білдірушілермен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр», — делінген хабарламада.

Сонымен қатар жұмысшылардың талаптарын талқылау үшін «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Серік Саудабаев Алматыға ұшып келді.

«Кейбір Telegram арналарында жарияланған жалақы мөлшері туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын хабарлаймыз. 40 мың теңге көлеміндегі төлемді 0,3 ставкамен, яғни толық емес жұмыс күнімен жұмыс істейтін 4 пошташы ғана алады. 0,3 ставка бойынша жұмыс уақыты айына 24 сағатты құрайды (толық мөлшерлеме нормасымен – 176 сағат). Қазіргі уақытта «Қазпошта» АҚ-да жұмыс көлемінің төмендеуіне байланысты толық емес жұмыс күнімен жұмыс істейтін қызметкерлердің саны (0,4, 0,5, 0,6, 0,7, 0,8 және 0,9) 47 адамды құрайды», — деп атап өтті «Қазпошта» өкілі.

Бұл ретте компания өз қызметкерлерімен ашық диалог жүргізуге дайын екенін және жағдайды реттеу үшін барлық шара қабылданатынын жеткізді.

Другие новости

Back to top button