Алматыда ең жас нашақор 14 жаста.
Алматы қаласында 19 жасөспірім психикалық сауықтыру орталығында динамикалық бақылауда. Мамандардың айтуынша олардың екеуі арақ , сыраға әуес. Тағы екі жеткіншек токсикоманияның құрсауында , ал он бесі есірткі заттарын тұтынады. Бұғанасы қатпай алкоголь сусындары мен есірткіге құмар балаларды тәуелділік тұтқынынан құтқару мүмкін бе? Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығына кәмелет жасқа толмаған баланы кім әкеледі?
Орталықтың директоры Сапар Рахменшеев ата-аналарды перзенттерінің тәрбиесіне көңіл бөлуге шақырады. Себебі, ағзасы толық дамып, жетілмеген бала тез тәуелді болады және оған бұл кеселден айығу өте қиын. Орталық басшысы балалар жағымсыз қылық, жаман әдетке үйір болып өмірге келмейді дейді. Ешкім маңдайын сипамаған, жылы сөз айтпаған, қамқорлыққа зәру, мейірімге қанбаған жасөспірімдер үйде түнемегенде, мектепке бармау үшін сылтау жиі айтып, мінез-құлқының жиі өзгеруі ата-аналарға алаңдауға түрткі болатын алғашқы белгі екенін ескертеді. Көше кезген жасөспірімдердіорталыққа полиция қызметкерлері жеткізеді.
-Оның екеуі алкоголь сусындарға тәуелді бала, қалғаны анаша, гашиш , каннабиноидты есірткі заттарына, тағы екеуі уытты заттарды иіскеуге құмар. Олардың денсаулығы біздің орталық қызметкерлерінің бақылауында . Дегенмен ата-аналарға балаларыңызға көңіл бөліңіздер деп айтқым келеді. Себебі , тәрбие тал бесіктен басталады. Отбасында ата-ана мен бала арасында қарым-қатынас мүлдем жоқ. Ол әкесінің, анасының кеңесіне , «айналайын» деген бір ауыз сөзіне , мейіріміне мұқтаж. Бірақ ол іздеген сұраққа ең жақын адамдары жауап бермеді. Әрі қарай ол көше кезеді. Кез -келген жерде түнейді. Бала бастапқыда жағымсыз әдетке қызығады. Тәуелді болып қалғанын түсінбейді. Әрі қарай есірткі немесе арақ , сыра сатып алу үшін ұрлық жасау, тағы басқа да қылмысқа ұрынуы мүмкін. Есірткі зат жасөспірімнің денесін улап, қан айналымы, жүйке қызметі ,іш құрылысы, ойлау қабілетінің қызметін бүлдіреді. Бала он үш жасында есірткі тұтынатын болса, құмарлық мәңгілікке санасын жаулайды ,- дейді орталық директоры .
Мамандардың пікірінше, жасөспірім есірткі заттарын ермек үшін немесе өзінің құрдастарының арасында есейгенін дәлелдеу мақсатында тұтынуы мүмкін. Себебі, әлі тұлға ретінде қалыптаспаған , жаман мен жақсыны ажырата алмайды. Өкінішке қарай , бастапқыда синтетикалық есірткі заттарын бір мәрте тұтынып, оған құмарлықтың пайда болмасына ешкім кепілдік бермейді. Әрі қарай бұл дерт психологиялық, физикалық тәуелділікке жалғасады. Өкінішке қарай маскүнемдік пен нашақорлық тұзағына түскен жасөспірімдерге емделіп, айығып кету үшін ұзақ уақыт пен ең жақын адамдарының қолдауы ауадай қажет. Көбінесе тәуелділік тұзағына түскен жасөспірімдердің отбасында әкесі немесе анасы есірткі тұтынады, арақ ішуді әдетке айналдырған.
-Сондықтан біздің психологтар ата-ана, мектеп және жасөспіріммен сөйлесіп, оған есірткінің өміріне, денсаулығына зиян екенін түсіндіру мақсатында жиындар өткіземіз,- дейді Сапар Рахменшеев.
Қалай десек те , Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығының психологтары мектеп оқушыларына, колледж студенттеріне, ата -аналарға, ұстаздарға есірткінің, ащы судың зиянын насихаттап, салауатты өмір салтын ұстануға үгіттеп, үздіксіз жиын өткізеді.
Мамандардың айтуынша соңғы кездері синтетикалық есірткіге тәуелді жастардың саны өсіп келеді. Көбінесе, ата-ана баласының дертін жасыру үшін жекеменшік клиникаларды таңдайды. Сондықтан дерттің алдын-алу тиімді дейді мамандар. Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығында емделу қала тұрғындары үшін тегін.