Алматыда қоғамдық көлік жаяу жүргіншілер жолағында зейнеткерді басып кетті. Зейнеткердің автобус дөңгелегінің астында көмек сұраған видеосы желіде тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Кадрларда көлік астындағы зейнеткерге айналасындағылар көмектесуге тырысып жатқаны бейнеленген.
Қала полициясының баспасөз қызметі хабарлағандай, жол көлік оқиғасы 17 қыркүйекте сағат 13:30-да Бостандық ауданында болған.
«Автобус жүргізушісі Тимирязев көшесімен шығыс бағытта келе жатып, солға бұрылған кезде 1947 жылы туған ер адамды қағып кетті. Жол-көлік оқиғасы салдарынан жаяу жүргінші дене жарақатын алып, ауруханаға жатқызылды. Апат фактісін тергеуге Бостандық аудандық полиция басқармасының қызметкерлері кірісті», — делінген хабарламада.
Алматының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккен зейнеткер Орталық қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілгенін, онда оған шұғыл хирургиялық ота жасалғанын хабарлады.
«Қазіргі уақытта науқастың жағдайы ауыр, тұрақты деп бағалануда. Ол жансақтау бөлімінде тұрақты медициналық бақылауда», — деді қалалық денсаулық сақтау басқармасы.