Алматы сейсмикалық аймақта орналасқан, зілзала кез келген уақытта болуы мүмкін — маман
Баспасөз мәслихатында журналистер әлеуметтік желілерде 15 қаңтар күні Алматыда жойқын жер сілкінісі болатыны туралы ақпарат тарағанын еске салды. БАҚ өкілдері мамандардың мұндай болжамдарды қалай бағалайтынын сұрады.
Дәулет Сәрсенбаевтың айтуынша, сейсмология — жас ғылым, бірақ Ұлттық сейсмологиялық бақылаулар және зерттеулер ғылыми орталығы 1976 жылдан бері зерттеу жүргізіп келеді.
Алғашқы сейсмикалық бақылау стансалары сонау 1927-1930 жылдары орнатылды.
Қазақстанда сейсмикалық белсенділікті бақылау және қадағалау көптеген ондаған жылдар бойы жүргізіліп келеді. Сондықтан блогерлердің тұжырымына емес, мамандардың деректеріне сүйенген жөн.
«Блогерлер сейсмикалық жағдай туралы болжам жасағанда қандай деректерге сүйеніп жатқанын білмейміз. Өткен жолы не болды, кеше түнде не болды, адамдар ресми ұйымдарға сенбей көшеге шыға бастады. Біз сейсмикалық аймақта тұрамыз. Жер сілкінісі кез келген уақытта болуы мүмкін. Осыны түсінуіміз керек, әсіресе Алматыда және Алматы облысында тарихта бірнеше рет жойқын жер сілкінісі болған», — деді сейсмолог.
Маман өмірге қауіп төндіретін — жер сілкінісі емес, оның әкелетін салдары — өрт, көшкін, сел екенін тілге тиек етті.
«Жер сілкінісі кезіндегі әрекет ету ережесін білгенде ғана өмірімізді аман алып қала аламыз. Өзімізден бастау керек», — деп түйіндеді Дәулет Сәрсенбаев.