Алматы метросының бұрынғы қызметкерлері жұмыста қысқарту жасағаны үшін басшылықты сотқа бермек
21 қарашада Алматы метрополитенінің бұрынғы қызметкерлері баспасөз конференциясын өткізіп, «Метрополитен» басшылығын сотқа беруді жоспарлап отырғандарын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Vlast.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұрынғы еңбекті қорғау және қауіпсіздік бөлімінің басшысы Роллан Балғабаев өздерінің жұмыстан босатылуын Қытайдан алынған тежегіш қалыптары туралы ақпаратты БАҚ-қа жеткізгенімен байланыстырып отыр.
«Жыл басынан бері жаңа басшылыққа ұжымдық шағым жазғанымыз үшін бізге қысым жасала бастады. Содан кейін жағдай ушыға түсті», – деді Роллан Балғабаев.
Оның айтуынша, басшылық өздеріне ұнамайтын қызметкерлерге тәртіптік жазалар қолданып, кейін олармен келісімшартты бұза бастаған.
«Осы жылдың басында басшылықтан сатып алынатын тежегіш қалыптарына сараптама жасай алатын ұйым табу туралы тапсырма алдым. Қазақстанда және жақын елдерде мұндай ұйым табылмаған соң Германиядағы зауытқа жүгіндім. Құжаттарға сәйкес тежегіш қалыптарының Қытайда жасалған жалған өнім екенін анықтадық. Азаматтық ұстанымымды білдіріп, оларды қабылдаудан бас тарттым. Осыдан кейін тәртіптік комиссиялар басталды. Мағынасыз тапсырмалар беріле бастады, ақырында жұмыстан шығарылдым», – деді техникалық жабдықтау бөлімінің бұрынғы орынбасары Бекжан Кейкішев.
Тағы бір бұрынғы қызметкер Баянғали Сманов «Метрополитенде» 2011 жылдан бері жұмыс істегенін айтты. 2012 жылы ол өндірістік жарақат алған. Онымен де келісімшарт бұзылған.
«Бұл – кәсіпорын басшылығының әділетсіздігі. Мен әділ сотты талап етемін», – деді ол.
Тағы бір бұрынғы қызметкер Қалдарбек Әлібаев бір айда үш тәртіптік жаза алғанын, содан кейін жұмыстан шығарылғанын айтты. Ал Павел Андреев есімді бұрынғы қызметкердің айтуынша, биылғы мамыр айынан бастап оған өз еркімен жұмыстан шығу немесе кәсіпорынның басқа бөлімшелеріне ауысу туралы талап қойылған.
«Сәуір айынан бастап тәртіптік комиссия мүшесі бола отырып, мысалы, Қалдарбек Әлібаевқа қатысты жазаны әділетсіз деп санап, дауыс беруден бас тарттым», – дейді Андреев.
Жұмыстан шығарылған қызметкерлердің мүддесін қорғап жүрген адвокат Роза Сәтылғанова метрополитен басшылығына қарсы арыздар дайындалғанын атап өтті. Адвокаттың сөзінше, оларға барлық дәлел мен құжаттық айғақтар қоса тіркелген.
«Бұл туындаған еңбек даулары кәсіпорындағы келеңсіз жағдайды көрсетеді. Тәртіптік жазаларды асығыс тағайындау, әкімшілік ресурстарды барынша пайдалану болып отыр. Сонымен бірге жұмыстан шығарылған қызметкерлердің тежегіш қалыптарына қатысты шағымдарға қол қойғандары олардың жазаланғысы немесе кек алу әрекеттерінің нышанын көрсетеді», – деді ол.
20 маусымда БАҚ Алматы метрополитен қызметкерлерінен баспасөз хабарламасын алған. Онда сапасы төмен, жалған тежегіш қалыптарын пайдаланудың салдарынан метрополитен құрамдарының қозғалыс қауіпсіздігіне қатер төніп тұрғаны туралы айтылған. Коммуналдық кәсіпорын қызметкерлері пойыздардың эксплуатациясындағы бұзушылықтарға метрополитеннің теміржол жолдарында үнемі кездесетін тежегіш қалыптарының сынықтары дәлел болатынын айтты.
Бұл жолаушылар мен инфрақұрылымның қауіпсіздігіне қатер төндірген. Қызметкерлердің мәліметінше, Алматы метросының басшылығы неміс Becorit өндірушісінің тежегіш қалыптарын қытайлық Chongqing Bliss Machinery Co.Ltd компаниясы арқылы сатып алған. Олар өндіруші бағасынан екі есе арзанға алынған. Becorit қолдау қызметіне жіберілген сараптама жасау өтініші алынған қалыптардың түпнұсқа емес екенін көрсеткен. «Метрополитен» директорының міндетін атқарушы Алмасбек Орынбеков журналистермен әңгімеде сатып алынған 148 жұп тежегіш қалыптарының проблемалы екенін растады. Бірақ метрополитенді пайдаланудың қауіпсіздігіне қатысты айыптауларды жоққа шығарды.
Айта кетейік, осы шілде айында көлік прокуратурасы органдары «Метрополитен» қызметін тексеріп жатқанын хабарлады.