ГлавноеИнтервью

Алматы мәйіттерге сараптама жасаудан Берлиннен озып кеткен — Тахир Халимназаровтың эксклюзивті сұхбаты

Қазақстанда 140 сот-медициналық сарапшы жетіспейді. Оның бізге белгілі бір себебі — жалақының аздығы, алайда, сала одан да басқа проблемаларға белшесінен батып отыр. Azattyq Rýhy тілшісі резонансты сот отырысынан кейін бүкіл Қазақстан кәсіби деңгейіне тәнті болған сот-медициналық сарапшы Тахир Халимназаровтан сұхбат алды. Өз ісінің озығы салада қордаланған мәселелерді жіпке тізгендей етіп айтып берді.

ҚАЗАҚСТАНДА СОТ-МЕДИЦИНАЛЫҚ САРАПТАМА САЛАСЫН ЖЕТІК БІЛЕТІН БІРДЕ-БІР ҒАЛЫМ ЖОҚ

Маманның сөзінше, саладағы проблемалардың шешілмей тұрғанына 20-30 жылдың жүзі болған.

«Тәуелсіздік алғаннан кейін мықты мамандардың бәрі кетіп қалды. 1990 жылдары халықтың күнкөрісі нашарлады, білім-ғылым саласы артта қалды. Ғылыммен айналысу қиынға соқты. Ресей, Украина, Беларустағы мықты сот-медициналық сараптама мектептермен байланыс үзіліп қалды. Қазір Қазақстанда сот-медициналық сараптама саласын жетік білетін, жоғары деңгейлі бірде-бір ғалым жоқ. Университетте студенттерге сабақ беріп жүргендер – теоретиктер, практик мамандар емес. Студенттерді қағаз жүзінде оқыту қиын емес, оларды тәжирибе жүзінде дайындау – қиын. Дипломын қолына береді де, «бар, іске кіріс» дейді. Бұрын жас мамандар тәлімгерлердің ізімен жүріп, солардан үйренетін. Бүгінде тәлімгерлер жоқ. Осылайша саладағы жұмыстардың сапасы да нашарлады. Салада 30 жылда бір ғалым шығара алмадық», — дейді Тахир Халимназаров.

АЛМАТЫДАҒЫ САРАПТАМА ЖАСАЙТЫН МӘЙІТХАНАҒА 1 ҒАСЫР БОЛҒАН

Сарапшы Алматыдағы сот-медициналық сараптама жасайтын мәйітхананың жағдайы адам шошырлық екенін айтады. Ғимарат 1915 жылы салынған. Тоз-тозы шыққан мәйітханада дәрігерлер мен санитарлар таңнан кешке дейін тұншығып жұмыс істейді.

«Жалақысы аз, жағдайы төмен, әлеуметтік пакет жоқ. Жұмысының ауырлығына қарамастан қызметкерлер зейнетке бәрімен бірдей 63 жаста шығады. Сондықтан жастар аса қызықпайды, бармайды», — деген Тахир Халимназаров кадр жетіспеушілігінің тағы бір себебін атап.

«БОЛАШАҚ» БАҒДАРЛАМАСЫМЕН ОҚЫП КЕЛГЕНДЕР ІСКЕ ЖАРАМАЙДЫ 

Сондай- ақ маман сот-медициналық сарапшыларды «Болашақ» стипендиясымен оқытудың тиімсіздігін еске салды.

«Одақ кезінде Украина, Ресей, Беларуста сот-медициналық сарапшыларды дайындайтын мектеп болатын. Жасыратыны жоқ, база сол жақтарда орналасты. Бұл елдерде ғалымдар, медицина докторлары, кандидаттар жиналған 4-5 өте беделді орталық бар. Жастар сол жаққа барып 4-5 ай оқып, біліктілігін арттырып, дайын маман болып келетін. Ал бізде не бар? Бізде ештеңе жоқ. Тәуелсіздік алғаннан кейін Еуропа, Америкаға «Болашақ» бағдарламасымен жібере бастады. Сол кезде қарсы болдым, Еуропа мен АҚШ-тың тергеу, сот жүйесінің жұмыс принциптері бізге сәйкес келмейтінін айттым. Бірақ жауаптылар құлақ асқан жоқ. Батыстан тәжірибе алу үшін, біз өзіміз солар сияқты болуымыз керек. Енді «нәтижесін» көріп отырмыз. Жақын-жуық елдерде сарапшыларды дайындамаған соң, бізде бір ғалым жоқ. Саладағы жалғыз түйір ғалым кісі зейнетке шығып кетті, ол практикаға онша араласпайды. Болашақпен оқып келгендер жарамайды. 15-20 адам барып 1-2 жыл оқып келеді, бірақ пайдалы ешнәрсе алып келген жоқ. Үкімет қаншама қаражатты соған бөлді.

Әрине, медицина саласында кардиохирургия, нейрохирургия үлкен белестерге шықты, себебі оларда үлгі алатын атақты ғалымдар бар. Жап-жас кардиолог жігіттердің жүректі ашып, операцияларды сәтті жасап шығып жатқанын көріп, қуанасың. Ал біздің сала артта қалып отыр. Ресей, Украина, Беларустың сот-медициналық сараптама саласы бізге сәйкес келеді, мұнда саясатты араластырудың қажеті жоқ. Жастар барсын, біліктілігін арттырсын, одан бізге пайда болмаса, зиян тимейді», — дейді сарапшы.

БҰЛ ҒЫЛЫМДА БІРДЕ-БІР ОТАНДЫҚ КІТАП ШЫҚПАҒАН

Спикердің сөзінше, Қазақстанда әлі күнге дейін сот-медициналық сараптамадан білім беретін бірде-бір кітап шықпаған. Осы күнге дейін Ресей ғалымдарының еңбектеріне телміріп отырмыз.

«Бәрі Ресей ғалымдарының кітаптары. Өзіміздің бір кітап жоқ, шықпаған. Кітаптың бәрі орысша. Ал, жарайды кітап шықпаған екен, бірақ ресейлік ғалымдардың кітаптары қазақшаға аударылмаған да. Қазір бізге Еуропаның кітаптарын алып келсе, жұмыс істей алмаймыз ғой. Сот-медициналық сараптама дегеніміз — ғылыми жұмыс, мәйітті ашып, жаба салу емес. Бұл да бір сүрлеуі бөлек ғылым. Көрші елдердің тәжірибесінен бас тартып, өз жолымызбен жүреміз деп бәрін былықтырдық. Өкініштісі сол. Бізде қабілетті жастар көп, бірақ 200 мың теңгелік жалақыға сарапшы болып бармайды. Оған қалай күн көреді? Несиеге үй де ала алмайды бұл айлыққа», — деді Тахир Халимназаров.

ҒИМАРАТТАРДЫҢ ЕШҚАЙСЫСЫНДА КОМПЬЮТЕРЛІК ТОМОГРАФ ЖОҚ

Сарапшы айтқандай, сот-медициналық сараптамасын жасайтын ғимараттар жаңа жабдықтармен қамтамасыз етілмеген.

«Мамандарды тарту үшін айлықтан бөлек, қызметкерлердің отыратын ғимараттары жақсы болу керек, оларды жаңа жабдықтармен қамту керек. Сапалы рентген, компьютерлік томограф керек. Мәселен, оқ тиіп қаза тапқан адамдардың денесінен кішкентай оқты табу қажет болады. Сот-медициналық сараптамасын жасайтын ғимараттардың ешқайсысында  компьютерлік томограф жоқ», — деді спикер.

КРИМИНАЛДЫ ТАРИХЫ ЖОҚ МӘЙІТТЕРГЕ ДЕ БАҒАСЫ УДАЙ САРАПТАМА ЖАСАЛАДЫ

Тахир Халимназаров өз төрінде кәріліктен ауырып қайтыс болған үлкен кісілердің өзін мәйітханаға сүйрелейтін полицейлердің  әрекетінен ұяламын дейді.

«Өткенде бізде қайтыс болған адамдардың қаншасына сараптама жасалады деп зерттеп көрдім. Алматы мәйіттерге сараптама жасаудан Берлин қаласынан озып кетеді екен. Берлиннің халық саны Алматыдан 2 есе көп.

Немістер таңғалды. «Бұл өте қымбат зерттеу ғой. Неге сіздер бүкіл мүрдеге сараптама жасайсыздар?» деді олар.

Бізде кәрілік жеңіп, ауырып, о дүниеге бала-шағасының ортасында жатып аттанған 80-90-ға келген ақсақалдың денесін де зу еткізіп мәйітханадан бір-ақ шығарады. Ол адамның тірі кезінде диагнозы қойылған, ауруханаға жатқан, ал енді апарып сараптама жасаймыз деу ақылға сия ма? Бұл полицияның сол жерде шешетін шаруасы. Өркениетті ел бола тұра жарты ғасыр бұрынғы әдіске жүгінеміз. Осы үшін ұяламын. 2014 жылы Бас Прокурордың «мәйіттің бәріне сараптама жасай бермесін» деген бұйрығы болған еді.

Мәйітті зерттеудің шығыны көп, мәселен, 1000 сараптама жасалса, соның 500-600-де криминалды жағдай жоқ. Өз ажалымен өлген адамды мәйітханаға тасығанша, қастандықпен өлген адамға аз әрі сапалы сараптама жасау керек қой. Күніне түсетін мәйіттің көптігіне орай, қызметкерлер де тез-тез жұмыс істеуі керек болады. Одан сапа бола ма? Міне, осыдан кейін сарапшы тапшы дейміз», — дейді спикер.

МӘЙІТХАНАНЫҢ ЖАНЫН ТОРУЫЛДАП ЖҮРГЕНДЕР – «РИТУАЛЬЩИКТЕР»

Қоғамда мәйітханадан туысының денесін алып кетуге «пара бердік» деушілер аз емес. Тахир Халимназаров бұл мәселенің түбі неде жатқанын түсіндірді. Айтуынша, сот-медициналық сарапшылар келгендерден ақша талап етпек түгілі, далаға шығып тыныстауға уақыты жоқ.

«Жылап-сықтап келген кісілерге «әкел мен шешіп беремін, 200 мың, 300 мың бер» деп алдап, қайғы жамылған адамдардың ақшасын қағып алатын «ритуальщиктер», яғни жерлеу бюросының қызметкерлері көбейіп кеткен. Келген адам мәйітхана қызметкерлері екен деп ойлап қалады. Сарапшылардың көшеге шығуға уақыты жоқ. Жұмыстан босамайды. Осыдан кейін сот-медициналық сарапшылардың абыройына нұқсан келіп, халықтың сеніміне селкеу түсіреді», — деді маман. Ол ғимараттың жанын торуылдаған сенімсіз адамдарға жоламай, тікелей мәйітхананың бөлім бастығымен сөйлесуге кеңес берді.

ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚТАН САРАПТАМА ЖАСАТАТЫНДАР АРАСЫНДА 1-2 ЕР АДАМ КЕЗДЕСЕДІ

Әңгіме соңында Тахир Халимназаровқа зорлық-зомбылық бойынша айына неше адам жүгінетін сұрадық.

«Айына 5-10 адам сараптама жасатуға жүгінеді, көбіне жас келіншектер келеді. Бірнеше рет келгендер де бар. Кейбірі күйеуінен таяқ жегенін туыстарына, ажырасып жатса сотта дәлелдеу үшін ақырын ғана келіп жасатып кетіп жатады. Жылына 100 әйел келсе, зорлық-зомбылық көргенін дәлелдегісі келетін 1-2 ер адам да болады», — деді ол.

Другие новости

Back to top button