Almaty Hostel-дегі 13 адамның өмірін жалмаған өртке қатысты сот үкім шығарды

Алматының Алмалы аудандық соты өртенген жатақханада қаза тапқан 13 адамның ісі бойынша үкім шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпара агенттігі хабарлайды.
Сот Әділбек Мұхамедьяров пен Александр Пекельникті кінәлі деп тапты. Мұхамедьяров бес жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Ал Пекельник төрт жылға сотталды. Ол да жазасын ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өтемек.
Сот жәбірленушілердің пайдасына моральдық шығын өндіру туралы арызды да ішінара қанағаттандырды. Екеуі де сот залында қамауға алынды.
Еске салсақ, 2023 жылы 30 қараша күні Алматыдағы Шәріпов көшесінде орналасқан хостелде өрт шығып, 13 адамның қаза тапқаны туралы жазған едік. Қаза тапқандардың ішінде 4 шетел азаматы да бар.
Аталған іс бойынша айыпталушылар Әділбек Мұхамедьяров пен Александр Пекельник. Мұхамедьяровқа Қылмыстық кодекстің 292-бабының 3-бөлігі (Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу), Пекельникке Қылмыстық кодекстің 306-бабы (Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе өткізу, жұмыстарды орындау немесе қызметтерді көрсету) бойынша айып тағылды. Мұхамедьяров пен Пекельник кінәсін мойындамады.