Госорганы

Алматы-Астана автобанының болмауы – ұят нәрсе: Самат Нұртаза Президент тапсырмасы туралы

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің қай бағытта жұмыс істейтінін айқындап берді. Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Самат Нұртаза осылай деп пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.     

«Өз басыма ең маңызды болып көрінген үш мәселені түртіп алдым. Біріншіден, сыртқы саясат. Президенттің «дүниежүзінде жағдай өте күрделі» деген жұмсақ сөзінен жағдайдың әлдеқайда қиын екенін аңғаруға болады. Айналамыз соғыс немесе қырғиқабақ суық қарым-қатынасқа толы көршілер. Ресей мен Украина, Қытай мен Тайвань, Әзербайжан мен Армения және т.с.с. Осындай шақта, Қазақстанның дипломатиясы тыныш, сапалы, мүдделі жұмыс істеуі үшін ішкі атмосфера дұрыс болуы керек. Елдің ішін түзесек, дипломаттар да алаңсыз өз ісін алып шығатынына күмән жоқ», — деді депутат.

Екіншісі – жыры бітпеген жол мәселесі.

«Семей-Алматы, Семей-Ақсуат сияқты тозақи жолдармен 1990-2000 жылдары жүрген адам ретінде айта аламын. Жалпы Ппрезидент жол мәселесін бірінші рет көтеріп жатқан жоқ. Талай айтты. Бірақ жол саласындағылардың бітіргені шамалы. Әлде олар «наказание по Сыздықбековски» деген жазаны күтіп отыр ма, білмедім. 32 жыл егеменді болып отырған ел үшін Алматы – Астана автобанының болмауы – ұят құбылыс», — деді Самат мырза.

Тақырыпқа орай: «Әзірге жағдай мәз емес»: Тоқаев автожолдардың сапасын сынады

Жол – логистиканың күре тамыры, туризмның негізі. «Ақтау – Өскемен автобанын салу керек деп күліп те айттым, жылап та айттым» деп жазды депутат.

«Бүкіл Қазақстанның қалалары бір-бірімен байланысуы керек. Сонда нәтиже болады. Айтуға ұят, Қызылорданың қазағы Ақтауға баруы үшін Ақтөбеге дейін жүруі керек. Абсурд қой. Қысқасы, биыл Алматы мен Астананың жолы айнадай болу тиіс. Президент айтты – жасалады».

Үшінші мәселе – байлар.

«Ұрланған капиталды елге қайтару» деген ұран – дұрыс. Алайда сол ұранды желеу етіп, өз еңбегімен байыған кәсіпкерлерге зиян тигізетін күштік құрылымның өкілдеріне де жазаны қатаңдату керек. Президент өз сөзінде нақты осы кейсті айтты. 1917 жылы байларды қудалаған жүйенің немен аяқталғанын көрдік. Ұлт олигархтар мен кедейлерден тұрмайды, ұлтты тұрақтандыратын – орта тап. Орта тап азайған қоғамда революцияның иісі шығады. Орта таптың көбеюіне Үкімет те, қоғам да мүдделі. Кіші және орта бизнесты қолдап, қудаламай, жағдай жасаса, қоғамда орта таптың үлесі артары анық.

Тоқсан сөздің тобықтай түйіні – Президент Олжас Бектеновке карт-бланш берген сияқты. Олжас Абайұлыға нәтиже көрсету керек. Ол көрсетеді, деп сөзін қорытындылады», — деді Самат Нұртаза.

Другие новости

Back to top button