Алматы әкімі Олимпиада жүлдегерлерін құттықтады: Жаңа автокөліктердің кілтін алды
Алматы әкімі Ерболат Досаев Париждегі Олимпиада ойындарының жүлдегерлерімен кездесті. Ол спортшылар мен бапкерлерді жетістіктерімен құттықтап, алматылықтар Қазақстан қоржынына көп медаль салғанын атап өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мәліметтерге сенсек, күміс жүлдегер гимнаст Нариман Құрбанов пен қола жүлдегерлер: дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев, боксшы Назым Қызайбай, оқ атудан сайысқа түскен мергендер Александра Ле және Ислам Сәтбаевқа пәтер сертификаттары және ақшалай сыйлықтар берілді. Барлық жүлдегер 5 және 4 миллион теңгенің сертификаты мен жаңа автокөліктердің кілтін алды.
Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі
Олимпиадада елдің намысын қорғаған барлық алматылық спортшы мен бапкерлер құрамы да ақшалай сертификаттармен марапатталды.
«Алматы әкімі Ерболат Досаев қаланың спортшылары әлемдік спорттың дамуына үлес қосып, сүйікті ісі мен еліне деген сүйіспеншілктің үлгісіне айналғанын айтты. Спортшылар Қазақстан халқына қолдағаны үшін алғыс білдіріп, оның жарыс кезінде жеңіске жетелегенін атады», – деді Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі
Еске салайық, бұған дейін спорттық гимнастикадан Қазақстан тарихында тұңғыш медаль алған Нариман Құрбановқа жаңа көліктің кілті табыс етілгенін жаздық. Құрбанов гимнастикамен атақты спортшы және жаттықтырушы – әкесінің жетекшілігімен алты жасынан бастап айналыса бастады. 2017 жылы Нариман өзінің құрметіне ресми түрде «The Kurbanov» аталған бірегей элементті аттың үстінде орындады.