Алматы-1 теміржол вокзалының қызметкерлері маңдайақы ақшасын ала алмай әлек

Алматы-1 теміржол вокзалының қызметкерлері бір жарым айдан бері жалақыларын ала алмай жүр. Жұмысшылар мұны жаңа мердігер компанияның келуімен байланыстырады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агентігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Тазалықшылардың айтуынша, жаңа мердігер компания келгелі бері еңбекақы уақытылы төленбей, жұмысқа қажетті құралдар да жеткіліксіз. Одан бөлек, қызметкерлер саны да жаппай қысқарып жатыр дейді. Алматыдағы бірінші теміржол вокзалында таңнан бері қалыпты жұмыс ырғағы бұзылды. Мекеме тазалығына жауапты жандар бір жарым айдан бері еңбекақыларын ала алмай жүрміз деп, наразылығын жеткізді. Тазалықшылардың айтуынша, өткен айдың ортасынан бастап вокзалдың тазалығын жаңа мердігер компания мойнына алған. Алайда келгелі бері ешқандай ақша төлемеді деп отыр.
“Маусымның 17-нен бастап “ҚТЖ-ға қараймыз” деп жаңа компания келді. Келгелі бір жарым ай болды. Не өткен айдың айлығы, не басқа заттарымыз жоқ”, – дейді Алматы-1 теміржол вокзалының тазалықшысы Ағима Қайбуллаева.
Қызметкердерге айлықтан бөлек тазалыққа қажетті құрал-жабдықтар да берілмеген. Ал берілген сұйықтықтар тым сапасыз, көлемі жеткіліксіз деп отыр.
“Жаңадан келген фирманың ақшасы жоқ. Ештеңе ала алмайды. Жуатын заттардың бәрі сапасыз, жерге құйсаң су, жуа алмайсың”, – дейді тазалықшылардың бірі Базарбике Жамалова.
Ал мердігер компанияның өкілдері қаражат қаражат аударуға қажетті құжаттар уақытында рәсімдемегенін алға тартты. Сол себепті қызметкерлердің айлығын кешіктірген.
“ҚТЖ-ға ауысуы өте ұзақ процесс. Біз бермейміз деген жоқпыз. 17-нен алдық, 17 күннен бастап төлейміз. Келісімшарт 21 күннен басталса да, төрт күнін төлеп береміз. ҚТЖ төлемесе де, өз қалтамыздан төлеп жатырмыз”, – дейді әкімгерАйнұр Бурабаева.
Компания қызметкерлердің еңбекақысын толық төледі. Сондай-ақ алдағы уақытта мұндай жағдай қайталанбайды деп уәде берді.