Әлихан Смайылов: Дизель отыны ішкі нарыққа делдалсыз жеткізіледі
Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде жанар-жағармай нарығындағы ахуал бір қалыпқа келіп жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ішкі нарықты қамтамасыз ету, жанар-жанармай нарығындағы жағдайды тұрақтандыру үшін Үкімет барлық қажетті шұғыл шараларды қабылдады. Премьер-Министрдің бірінші орынбасарының төрағалығымен тиісті жедел комиссия құрылды. Ол өңірлерді мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету бойынша күнделікті, жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Сондай-ақ әр облыста мұнай базалары мен ұсақ жанар-жағармай құю бекеттерін бақылау жөніндегі өңірлік комиссиялар құрылды. Әкімдер өңірлік комиссиялардың жұмысын күшейтіп, заң бұзушылық анықталса, жедел шара қабылдауы тиіс», — деді Ә. Смайылов.
Оның айтуынша, зауыттарда мұнай өңдеу және дизель отынын өндіру көлемі ұлғайтылды.
«Мұнай өнімдерін әкетуге жол бермеу мақсатында қажетті экспорттық шектеулер енгізілді, дизель отыны ішкі нарыққа делдалсыз жеткізіледі. Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде жанар-жағармай нарығындағы ахуал бір қалыпқа келіп жатыр. Дегенмен, жағдайды үнемі назарда ұстап, қатаң бақылау қажет. Мысалы, кейбір өңірлерде сұйытылған газдың тапшылығы орын алып отыр. Сондықтан кешенді жұмысты одан әрі жалғастыру керек, өңірлерде отын тапшылығы болмауы тиіс», — деді Үкімет басшысы.
Бұған дейін белгілі болғандай, Қазақстан 100 мың тонна дизель отынын импорттайды.