Алакөлде демалып жүрген қазақстандық судан әйелдің мәйітін алып шықты (видео)

23 шілде күні Алакөлде демалушылар ойда-жоқта судан әйелдің денесін шығарды. Қазақстандық мұнда демалушылардың көптігіне қарамастан жағажайда құтқарушылардың жоқтығына наразылық білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
“Алакөлдегі жантүршігерлік жағдай. Бүгін Алакөлде судан мәйітті шығарып алдық. Тағы сағат 5:00-де тұрып, 6 шамасында жағажайда болдық. Кейін бәрі фильмдегідей болды. Біреулер “Әйел адам жатыр, құтқару керек” деп айғайлады. Өте алыста екен, ешкім құтқаруға ұмтылмады”, – деп жазды Арина есімді желі қолданушысы.
Ол дереу қызын жағажайда қалдырып, әйелді құтқару үшін суға жүгірген.
“Жағажайға қайтып келе алатыныма сенімсіз болдым. Сол себепті құтқару баллонын сұраттым. Бір жағынан мен, бір жағынан 69 жастағы әйел жүзді. Жеткен соң мен бір қолынан, ол бір қолынан ұстап тарттық. Дене… Демалмайды. Құтқару мүмкін емес, бірақ бәрібір жеткізу керек болды”, – делінген жазбада.
Кейін марқұмның ұлына хабарласып суық хабарды жеткізген.
Ол жағажайда құтқарушылар мен катерлердің жоқтығына наразылық білдірді.
“Ол жалғыз болды. Кейін демалыс орнынан онымен бірге келген құрбылары табылды. Олар мұнда достарымен бірге келген еді, ал бүгін құрбысын жерлеуге үйге қайтты”, – деп жазды Арина.
Бұл жағдай қазақстандықтардың жағасын ұстатты.
“Құтқарушылар қайда? Тәртіп қайда”, “Қанша халық жүр. Бірақ денені келіншек пен 69 жастағы әйел алып шыққан”, “5 күн болып бірде-бір құтқарушыны көрмедім”, “Не әжетхана, не құтқарушылар жоқ. Алакөлдің әкімдігі отставкаға кетсін”, – деп жазды желі қолданушылары бір ауыздан.
Абай облысының полиция депратаменті 23 шілде күні Алакөлде 63 жастағы әйелдің қайтыс болғанын растады.
“Су көлігін пайдалану қағидаларын бұзу салдарынан 63 жастағы әйел қаза тауып, полиция қылмыстық іс қозғалды. Белгілі болғандай, Алакөл көлінде, жағалаудан шамамен 200–250 метр қашықтықта, катер жағалаудан алыстап кеткен әйелді қағып кеткен. Катердің жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалды, қажетті сот-медициналық сараптамалар тағайындалды, тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр”, – деп мәлімдеді полиция депараменті.
Еске салайық, бұған дейін Алакөлде 63 жастағы Өскемен тұрғынын катер қағып кеткені туралы жазған едік.