ГлавноеГосорганы

Әкімдікте үй кезегінде тұрғандарға баспана ұсыну талабы өзгерді – Отбасы банк

Отбасы банк 15 тамыздан бастап жергілікті атқарушы органдарда баспана кезегінде тұрған азаматтарға әлеуметтік тұрғын үйлерді жаңа әдіспен ұсынатын болады. Бұл қадамдар Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында қамтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«10% басталатын алғашқы жарна болған жағдайда, несиелер жылдық 2% және 5% мөлшерлемесімен беріледі. Несие мерзімі 20 жылға дейін болады», — делінген Отбасы банк мәліметінде.

Жергілікті атқарушы органдарда баспана алу кезегінде тұрған азаматтардың келесі санаттары жылдық 2% мөлшерлемесімен жеңілдетілген несие алуға өтініш бере алады:

1. Бірінші және екінші топтағы мүгедектер;

2. Мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар;

3. Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;

4. «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы отбасылар, көпбалалы аналар. Қазір осы төрт санат бойынша 227 мың қазақстандық баспана кезегінде тұр. Оның ішінде 51 мыңы 1 және 2-топтағы мүгедектер.

«Егер мүмкіндігі шектеулі азаматтың кірісі болмаса немесе жеткіліксіз болса, онда ол қосымша қарыз алушыларды тарта алады. Ал бұрын бұл мақсатқа тек жақын туыстары – күйеуі немесе әйеліне, сондай-ақ кәмелеттік жасқа толған балаларына ғана кепілгер ретінде қатысуға рұқсат берілетін. 1 және 2-топтағы мүгедектігі бар азаматтарды қолдау және олардың баспана мәселесін шешуге көмектесу мақсатында қосымша қарыз алушылардың тізімі кеңейтілді. Енді олар кепілгер ретінде туған ата-анасын, асырап алған ата-анасын, асырап алған балаларын, бір ата-анадан туған және бір ата-анадан тумаған аға-інілері мен апа-сіңлілерін, сондай-ақ атасы, әжесі, немерелерін тарта алады. Пәтер сатып алу шарты тікелей мемлекеттік бағдарламаға қатысушымен жасалатын болады», — делінген банк ақпаратында.

Бұдан бөлек, Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бойынша кредит алу барысында барлық санаттар үшін кіріске шектеу қойылмайды. Бұған дейін мемлекеттік бағдарламалар бойынша отбасының әрбір мүшесінің соңғы алты айдағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1-ден (2% мөлшерлеме бойынша несие алу үшін) және 3,7-ден (5% мөлшерлеме бойынша несие үшін) аспауы керек деген талап бар болатын. Оның сомасы 125 757 және 150 098 теңгені құрады. Мәселен, бұл сома белгіленген нормадан кем дегенде 100 теңгеге асып кетсе, отбасы жеңілдетілген заемнан қағылып, баспана мәселесін шеше алмайтын.

«Мұнымен қоса, тұжырымдамаға сәйкес қатысушылар кредиттің ең жоғарғы сомасы бойынша шектелмейтін болады. Бұрын аймаққа байланысты ол 10 миллионнан 18 миллион теңгеге дейін болатын. Енді кредит сомасы пәтер құнына қарай есептеліп, тұрғын үйдің 1 шаршы метрінің бағасы аясында қалыптасады. Әлеуметтік тұрғын үй 3-4 санатқа сәйкес келіп, пәтердің максималды ауданы 80 шаршы метрден аспайтын болады», — деп нақтылады Отбасы банктен.

Енді мемлекеттік бағдарламаға қатысу туралы өтінімдер otbasybank.kzжылжымайтын мүлік порталында жылжымайтын мүлік объектілері аясында қабылданатын болады. Бұл бұдан былай бүкіл Қазақстан бойынша өтінімдерді жалпылама қабылдау болмайды деген сөз. Яғни мемлекеттік бағдарламалардың әлеуетті қатысушылары енді бірден белгілі бір аймақтағы нақты нысандағы нақты пәтерді таңдап өтінім беретін болады.

Мәселен, қазір жылдық 2% мөлшерлемемен заем алып, азаматтар қоныстана алатын нысандар Шымкент пен Ақтөбе қалаларында дайын. Бұл бірінші кезеңде мемлекеттік бағдарламаға осы екі облыстың тұрғындары ғана өтініш беріп, қатыса алады деген сөз. Қалған өңірлердің тұрғындары жергілікті атқарушы органдар салатын белгілі бір өңірдегі жылжымайтын мүліктің дайын болу уақытына қарай бағдарламаға қатыса алады.

«Банктің сайты мен әлеуметтік желілеріндегі ақпаратты қадағалап отыруларыңызды сұраймыз. Тұжырымдамаға қатысушыларды таңдаудың негізгі критерийлері ретінде: тұрғын үй кезегіне тұру уақыты мен қабылдану санаты болады. Яғни, үміткерлер арасынан әлеуетті қатысушыларды іріктеу кезінде бірінші кезекте 1 және 2-топтағы мүгедектер мен мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға басымдық беріледі. Жылжымайтын мүлік азамат баспана кезегінде тұрған аймақтан сатып алынуы керек», — делінген хабарламада.

Другие новости

Back to top button