«Әкімдік ұсынған бағаға басқа жақтан жер ала алмаймыз»: Алматы облысында ауыл халқы наразылыққа шықты
Олар мемлекет меншігіне мәжбүрлі түрде алынған жер телімдерінің тым арзанға бағаланғанына наразы
Алматы облысында ауыл тұрғындары наразылыққа шықты. Олар мемлекет меншігіне мәжбүрлі түрде алынған жер телімдерінің тым арзанға бағаланғанына қарсы. Бес жүзге жуық жер учаскелерінің иелері әкімдіктің әрекетіне наразы. Тұрғындардың сөзінше, билік бір сотық жердің құнын 400 мың теңгеге де жеткізбеген. Бағалауға келіспеген тұрғындар Қонаев қаласындағы облыс әкімінің ғимаратына жиналды.
Дау Қарасай ауданы Көкөзек ауылының «Алматы-Байсерке-Талғар» газ құбырының аумағына кіріп кеткен жер учаскелерін алып қоюға қатысты туындаған. Көкөзек ауылының бастамашыл тобы иеліктен шығарылатын жер учаскелерінің бағалау құнымен келіспейтіндерін айтып отыр.
«Жер учаскелерін сатып алу кезінде жүз шаршы метріне 800 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін төлеу керек. Бұл қазіргі нарықтың бағасы. Ал әкімдік ұсынған бағаға басқа жақтан жер ала алмаймыз. Қалаға жақын аумақта жер қымбат. Қарсылығымызды білдіру үшін Алматы облысы әкімдігі ғимаратының жанына жиналдық», — дейді бастамашыл топ.
«Алты ай бұрын жерімізді Үкімет өз меншігіне алатынын айтты. Бірақ бізде үйдің сүрілетіні жөнінде құжат жоқ. Сыртымыздан ердің бағасын шығарып қойыпты. Ең төменгі бағамен шығарған. 7-8 сотық жерлерге бір жарым миллион теңге болып тұр», – деді Көкөзек ауылының тұрғыны Нигара Рузиева.
Көкөзек ауылының тұрғындарымен Алматы облысы әкімінің орынбасары кездесті. Құдайбергеновтен басқа Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Д.Сансызбаев, Қарасай ауданының прокуроры Ж. Жақаев және облыстың басқа да уәкілетті орган өкілдерінің мамандары келді.
«Облыс әкімінің орынбасары жерді алып қою туралы егжей-тегжейлі айтып, бастамашыл топ мүшелерінің наразылығын тыңдады, олардың әрқайсысымен жеке кездесу өткізді.
Кездесу барысында оларға «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңның 69-бабының 4-тармағына сәйкес осы баптың 3-тармағында көрсетілген мүдделі тұлғалардың біреуімен мүлікті беру туралы келісімге қол жеткізілмеген кезде жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін алып қоюға байланысты мәжбүрлеп иеліктен шығару жүзеге асырылатыны, сот тәртібі түсіндірілді.
Жоғарыда аталған Заңның 61-бабының 3-4-тармағына сәйкес меншік иесі немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушы жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы хабарлама алған сәттен бастап мемлекет оны сатып алуға басым құқыққа ие болады. Мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын мүліктің меншік иесінің құқықтарын қорғау сот тәртібімен жүзеге асырылады», — деді Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Билік өкілдерінің түсіндіруіне көнбеген тұрғындар жер учаскелерінің құнын анықтауды басқа бағалау компаниясына жүргізу туралы өтініш берді. Арыз қолданыстағы заңнаманың талаптарына сәйкес қаралу керек. Тұрғындар өздерінен мәжбүрлі түрде алып қоюға арналған учаскелер нарықтық бағаға сәйкес қайта бағаланады деген үмітте. Жалпы «Алматы-Байсерке-Талғар» газ құбыры бойынша бірінші желінің құрылысы 2014 жылы аяқталды.
«2016 жылы Алматы облысы әкімінің қаулысымен ең аз арақашықтық аймағы 150 метр және осьтен 25 метр қорғау аймағы белгіленді.
Ағымдағы жылдың шілде айында Қарасай ауданы әкімдігінің «Жер қатынастары бөлімі» ММ қызметкерлері тәуелсіз бағалау компаниясын («Тәуелсіз сараптамалық бағалау» ЖШС) тарта отырып, одан әрі сатып алу үшін «Алматы-Байсерке-Талғар» магистральдық газ құбырының құрылыс желісінде орналасқан Көкөзек кентінің 481 жер учаскесіне бағалау жүргізді», — деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.
Әкімдік бау-бақша мен саяжайлардағы бір соттық жердің құнын 393 507 теңгеге бағалаған. Ал нысаналы мақсаты жеке қосалқы шаруашылық жүргізуге арналған жердің әр соттығын 539 766 теңгеден асырмаған. Көкөзек ауылындағы жерлерді сатып алуға мемлекеттен 3,5 миллиард теңге қарастырылыпты. Мемлекет меншігіне өтуі тиіс жер учаскелерінің жалпы саны 481-ге жеткен. Бұлардың көбіне тұрғын үйлерде салынып кеткен. Бір шешімге келе алмаған қос тарап тәуелсіз бағалаушылардың ұсынысын күтпек.