«Әкімдік алдына түнейміз”: Зардап шеккен Құлсары халқы митингке шығып жатыр
Су тасқынынан қатты зардап шеккен өңірлердің бірі Құлсары халқы өз талаптарын айтып, митингке шығып жатыр деп хабарлайды, Ulysmedia.kz.
400 000 теңгеден…
Біздің редакцияға хабарласқан азаматтар өздерінің әкімдік алдарында жиналып тұрғандарын, қажет болса шатыр тігіп сонда түнеуге дайын екендіктерін жеткізді. Олар өз үндеуін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдады.
“Біздер топан судан зардап шеккен халық. Маңдай терімен, адал еңбегімен салған үйінің әділетті бағасы есептеліп, ақшаны қолымызға алғымыз келеді. Үйлерімізге әр шаршы метріне 400 000 теңгеден ақы төленіп, сол ақыны қолымызға алғымыз келеді,” — дейді видеожазбадағы азамат.
“Және тағы бір реттік берілген 100 МРП көлеміндегі көмекті осы халықтың мәселесі шешілгенге беруіңізді сұраймыз” дейді азаматтар.
Сондай-ақ шаршы метріне 400 мың теңге деген ұсыныс Мәжіліс депутаты Әділ Жұбановтың ұсынысы екендігін айтып, жиналғандар бір ауыздан “қолдаймыз” деп дауыстады.
Тасқын салдарынан үйлерінен айрылған азаматтар әкімдік тарапының салғырт қимылдап жатырғанына наразы. Келген шығынды бағалау жұмыстары тиісті деңгейде атқарылып жатырған жоқ деп есептейді олар. Және үйі суға кеткендерге мемлекеттен берілетін қаражат қолымызға тисін деген талаптары бар.
“Фундаментінің өзі 22 миллион..”
“Құлсарының үйлері фундаментінің өзі 22 миллион болады. Маған ақшаны қолыма бересіз. Ендіге жерде ақшаны есептелген күйде қолымызға берсін. Мен кеше комиссияның қасында жүрдім. Тәртіп қойыңыз. Мен түртіп жүріп айттым: “ананы түсірдің бе?” ,“мынаны түсірдің бе?” деп.”
Айта кетейік, бұған дейін үйі суы кеткендерге мемлекет жаңа үй салып беретіндігін айтқан. Өнеркәсіп және құрылысыс министрлігі жаңа үйлердің құны 22 миллион теңге болады деген еді.
Құлсарыдағы ахуал
Еске сала кетейік, су тасқыны кезінде қатты зардап шеккен өңірлердің бірі осы Құлсары қаласы.
Атырау облысының Құлсары қаласында 300-ден астам жеке тұрғын үй су астында қалған.