Әкім қол қойды: Жетісу облысында енді 1 қарашаға дейін орманға баруға тиым салынады
Жетісу облысының әкімі жеке тұлғалардың орманға баруына тиым салатын құжатқа қол қойды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Құжат ресми сайтта жарияланды. Онда Жетісу облысындағы орман алқабына жыл сайын 1 сәуірден 1 қараша аралығында баруға болмайды.
“Жетісу облысының мемлекеттік орман қорының аумағында орман өрт қаупі жоғары болып тұрған кезеңдерде (жыл сайын 01 сәуірден 01 қарашаға дейін) жеке тұлғалардың болуына тыйым салынсын және орманды пайдалану құқығы шектелсін. «Жетісу облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы» мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен осы қаулыны Жетісу облысының Әділет департаментінде мемлекеттік тіркеуді және ресми жарияланғаннан кейін оны Жетісу облысы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін”, — делінген құжатта.
Мұндай шектеу орманда өрт қаупі жоғары болып тұрған кезеңдерде қауіпсіздік талаптарын сақтау мақсатында жасалып отыр.