Социум

Әкім мен журналистің диалогы: Кімнің талабы дұрыс?

Мәселеге қатысты әлеуметтік желіде алғаш пікір білдіргендердің бірі тәуелсіз журналист Халима Тәжіқұл болды.

Кеше әлеуметтік желіде жарияланған журналист Асхат Ниязовтың Ақтөбе облысы әкімі Ералы Тоғжановпен арасында болған әңгіме көпшілік арасында резонанс туғызды, деп хабарлады Elorda.info.

Әлеуметтік желіде тараған видеода облыс басшысы  өзіне орыс тілінде сауал қойған журналистке «сұрақты қазақша қойыңыз» деп талап еткен болатын. Ал, журналист мемлекеттік тілді меңгермегенін алға тартқан.

Әкім мен орыстілді журналистің арасындағы шағын диалогқа қатысты көпшіліктің пікірі қақ жарылды. Бірі, журналистікі дұрыс десе, бірі әкімдікі жөн екенін айтуда.

Мәселеге қатысты әлеуметтік желіде алғаш пікір білдіргендердің бірі тәуелсіз журналист Халима Тәжіқұл болды. Ол дәл қазіргі тіл мәселесіндегі шикілікті әкімнің өзінен іздеді. Яғни, оның бұдан бұрын мемлекеттік тілдің аясын кеңейту тетігі қолында тұрған кезінде бұл мәселені шешуге еш септігі тимегенін алға тартты.  Ендігісі, журналистті тұқырту үшін айтылған сөз деп ойлайтынын айтты. Сонымен қатар дәл осы жолы өңір басшысы «қазақ тілін өзіне қалқан ретінде пайдаланып тұр»,- деген ойын жазды.

-Тоғжанов мырзаның билік дәлізіндегі қол жеткізген биік лауазымы —  2020-2022 жылдар арасында премьер-министрдің орынбасары болуы және әлеуметтік блокқа жетекшілік етуі. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту тетігі қолында тұрды. Қазақстан қазақша сөйлеп кетті ме? Жоқ! Алысқа бармай, уатсабыңыздағы ата-аналар мен көршілер чатына көз салыңызшы. 70-80% орысша жазады. Оны жазып отырғанның бәрі — қазақтар. Әлгі 2003 жылы бақшаға барғандар да бар арасында.

Сосын Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары болғаны бар. Редакция бұл ұйымның жиындарын жазуға жұмсағанда, орысша баяндамадан бас айналып қайтатынбыз.

«Ассалау» мен «сау» болыңыздары ғана мемлекеттік тілде айтылатын жиындарда төңкеріс жасаса, кім қолын қағыпты? Ассамблея мүшелері — түрлі этностар өкілдері де қазақша сөйлеп кеткен жоқ, декорация рөлінде жүрген санаулысы мен қалаулысынан басқа.

 Кезінде Монғолия мен Қытайдың қазақтары қоныс аударғанда «Миграция саласында қазақша білетін маман неге жоқ?» деген сұрағын елеусіз қалдырған үкімет өкілдері енді басқаша сөйлей бастағаны біртүрлі қызық болып тұрғаны, — деп жазды Халима Тәжіқұл «Фейсбуктегі» парақшасында.

Саяси коммуникация және PR маманы Айгүл Ешмағамбетова бұл жерде журналисттің ешқандай заңды бұзып тұрмағанын, яғни ешкімнің құқығын таптамағанын, өзінің кәсіби жұмысын атқарып тұрғанын айта келе, керісінше, әкімінің тіл мәселесін жамыла отырып, өзіне қойылған проблемалық сұрақтарға жауап беруден қашып отыр деген пікір айтты.

— Яғни, заң бойынша сараптама жасайтын болсақ, әкім тіл мәселесін көтере отырып, халықаралық, ұлтаралық, тіларалық араздықты қоздыруға түрткі болып отыр деп ойлаймын. Ол кісінің кешегі әрекеті осы заңның тармағына сай келіп тұр. Ел басқарып отырған азаматтар тіл, дін, ұлт мәселесін жамылып, «хайп» жасап, өздерінің жұмыстарының ақаулықтарын айтпау үшін, басқаға жала жабуы этикаға, заңға қайшы. Тоғжанов өз сөзінде «Бізде, Ақтөбеде барлығы қазақша сөйлейді» деген сыңайлы пікірді көп айтты. Ақтөбе бөлек мемлекет пе? Еліміздің бір облысы, бір бөлшегі емес пе?  Бұлай бөлінбеу керек. Әлеуметтік желіде, медиада жіктеп айтпау керек. Ол кісінің сөзіне назар аударсақ, халыққа астарлы ой жолдап отыр. Бұл ұлтаралық араздыққа және мемлекеттік сепаратизмге жол ашу болып табылады.

Ал журналистің қазақ тілін білмейтініне келсек, әр адам қай тілде сөйлегісі келеді, қай дінге бас ұрғысы келеді, бұл – оның құқығы. Сондықтан оған кінә тағуға болмайды, — дейді А. Ешмағамбетова.

Біз пікір сұраған тағы бір сарапшымыз бизнес және медиа-тренер Салтанат Әскербекқызы да журналистің әрекетінен ешқандай өрескелдік көріп тұрмағаны айтады. Оның пайымдауынша, әкім журналиске психологиялық қысым жасап, намысына тиіп тұрған көрінеді.

— Біздің Президентіміздің өзі тілді білу, білмеу мәселесін саяси құрал ретінде пайдаланбауға шақырады. Бұл жерде журналист өзінің жұмысын істеп, сұрағын қойып тұр. Өзінің каналын, сайтын, газетін орыс тілінде шығарса және сұрағын орыс тілінде қойса, бұл — ешқандай да заң бұзушылық емес. Сондықтан Асхатқа психологиялық қысым ретінде «қазақ болсаң да, саған орыс тілінде жауап беруге мәжбүрміз» деп айтуы – дұрыс емес. Мәселен, шетелден журналистер келсе, оларға ешкім қазақша сөйле демейді ғой. Журналист орысша сұрақ қойса, сол тілде жауап беріңіз, болмаса ешқандай журналистің намысына тиіспей мемлекеттік тілде жауап бере беруіңізге болады. Бұл моральдік, этикалық тұрғыдан мемлекеттік қызметкердің әрекеті дұрыс емес екенін көрсетеді. Журналист нақты сұрақ қойып тұр, деректерді келтіріп тұр, соның бәріне күмәнмен қарап тұрған әкімнің әрекеті жағымсыз болып көрінеді. Бұл барып тұрған журналисті сыйламау. Мәселе оның қай тілде жауап бергенінде емес, қарапайым журналистиканың ережелерін сыйламауы көрініс береді. Бұл жерден журналиске дікеңдеп, сес көрсету сияқты әрекеттерді көріп тұрмын, — дейді  С. Әскербекқызы.

Ал белгілі журналист Ришат Асқарбекұлының пікірі  алдыңғы спикерлерден бөлек. Ол мемлекеттік тілді алдыңғы орынға қойып тұрған әкімнің әркетін қуаттайтынын айтты.

Бұл жерде кімдікі дұрыс дегеннен гөрі әркімнің өзінің шындығы бар дегенге саю керек әңгіме болып тұр. Әріптесіміз Асхат Ниязов бұдан бұрын сол кездегі Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовпен кездескен кезінде де: «Мен қазақ тілін енді үйреніп жүрмін, менің аудиториям — орыс тілді аудитория. Мен қазақша сұрақ қойсам, сіз өз ойыңызды қазақша айтып берсеңіз, мен әрі қарай ойымды сабақтап сұрақтарды қоя алмаймын, қазақ тілін толық түсінбеймін», — деген уәжді айтқан болатын. Тоғжановқа келгенде де соны қайталап отыр. Бұл жерде әкімнің ұстанып отырған позициясы дұрыс. Мен оны қолдаймын. Өйткені кез келген мәселеде мемлекеттік тілдің алға озғанын қалайтын адамдардың бірімін. Ал кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс деген сұраққа нақты жауап беретін болсам, бұл жерде әкімдікі дұрыс.

Журналист ол жерде сұрағын орысша қоя берсін, әкім қазақша жауап бере берсін. Онда тұрған не бар? Жалпы, қазір қазақтілді сегментте, Казнетте, жалпы барлық жердегі аудиторияның 60-70, тіпті 80 пайызы қазақша түсінеді, қазақша ақпараттарды қабылдай алады. Асхат Ниязовтың өзінің «Обажаю» деген телеграм каналы бар ғой. Сол жердегі оқырмандардың негізгі бөлігі қазақ тіліндегі материалдарды түсінеді және қабылдай алады деп ойлаймын. Сондықтан бұл жердегі менің позициям әкімнің позициясымен үйлеседі. «Сұрақты мен орысша қойсам, сіз орысша жауап беруіңіз керек» деп талап етуінің өзі дұрыс емес. Асхат қазақ тілін шала білгендіктен, ол әкімнің айтқанын дұрыс түсінбейтінін, сол себепті келесі сұрақты қойғанда байланыс болмай қалатынынан қауіптеніп тұр.  Нәтижесінде сұхбаттың шала шығуы мүмкіндігін сезініп отыр.

Содан кейін «Қазақ тілін үйреніп жатырмын» деген не сөз? Қазақ тілін үйреніп жатырмын деген жаттанды жауапты   жылдар бойы айта беруге болады. Ол — біздің «тәжірибеде» бар нәрсе. Биліктегі кейбір шенеуніктеріміз 10 жыл бұрын қазақ тілін үйреніп жатырмын деп айтса, 11-ші жылы сұрасаңыз да сол жауабын қайталайды . Сондықтан бұл жерде әкімнің талабы дұрыс. Ол: «Ақтөбеде барлығы қазақша біледі, жиналыстардың барлығын қазақша өткіземін» деп отыр. Иә, барлық жерде де солай болуы керек. Біреулер «Тоғжанов үкіметте отырғанда не істеді, мемлекеттік тілдің дамуына қандай үлес қосты?» депті. Ол – уақыттың талабы. Соңғы уақытта қоғамда Мемлекеттік тілдің позициясы күшейіп келе жатқанын, аудиторияның бұрынғыдай емес оянғанын көруге болады», — деді журналист Р. Асқарбекұлы.

Оның айтуынша, қазақ тілінде сұрақ қойып, орысша жауап алу, қазақтілді журналистердің тәжірибесінде жиі кездесетін жағдай.

Баспасөз конференцияларында «орыс тілінде жауап берейінші» деп қазақ тіліндегі қойылған сауалға орысша жауап беретін қаншама шенеуніктер, спикерлер бар? Бірақ қазақтілді журналистер ешқашан ол үшін шағымданбайды. Себебі, ақпарат керек болғасын аударып алады. Сондықтан бұл жерде Ақтөбе әкімі журналист Асхат Ниязовтың өзіне қойып тұрған талабы мүлде дұрыс емес екенін айтты.

-Мемлекеттік тіл ма, сол тілде жауап беруі керек. Оны өз көрерменіне аударып бере ме, титрмен бере ме, оған қазір мүмкіндік көп. Сондықтан бұл жерде журналистің әрекеті — бәлсіну. Осындай әрекеттері арқылы «Хайп» қуып, өзіне ұпай жинағысы келді деп ойлаймын», — деп түйіндеді  ол мәселеге қатысты пікірін.

Аталған видео әлеуметтік желіге тараған сәттен бері пікір қалдырушылардың басым бөлігі Ақтөбе әкімінің әрекетін қолдайтындарын жазып жатқанын байқадық. Әрине, қанша бас болса сонша пікір бар. Қалай болғанда да бұл күнде қоғамдық аудиторияда мемлекеттік тілдің мәселесі өткір тұрғаны рас.

 

Другие новости

Back to top button