Әкем түбегейлі қарсы болды»: Италиялыққа тұрмысқа шыққан қазақ қызы махаббат хикаясын бөлісті
Италиялық отбасыға келін болып түскен қазақстандық Марал Құрыш KAZ.NUR.KZ порталына сұхбат беріп, естен кетпес махаббат хикаясын бөлісті.
Бірінші некесі сәтсіз аяқталған келіншек ойламаған жерден өз бақытын Италиядан тапқан. Алайда ерлі-зайыптының жақындары бастапқыда олардың қарым-қатынасына сенімсіздік танытып, тіпті қарсылығын білдірген. Марал Құрыш Талдықорған қаласында қарапайым қазақ отбасында дүниеге келген. Екі жоғары білімі бар. Бірінші мамандығы — қаржыгер, екіншісі — теле-радио журналист. Жетісулық ару 13 жыл бойы журналистика саласында еңбек еткен. Ол қазақстандық сегіз басылымның бас редакторы, түрлі телеарнада, бағдарламада тележүргізуші, пиар-менеджер қызметін атқарған. Марал журналистикадағы жұмысының арқасында өмірлік махаббатымды кездестірдім дейді. Бірінші некесі сәтсіз аяқталған келіншек бақытын Италиядан тапқан. Ол Еуропаға іс-сапары кезінде қазіргі жолдасымен танысып, оған бір көргеннен ғашық болыпты.
«Күйеуіммен 2019 жылы таныстым. Ол кезде мен жұмыс бабымен шетелге жиі шығып тұратынмын. Қазақстандық басылымдардың атынан журналист ретінде сұхбат алуға баратын едім. Сапарлардың бірінде сүйіктімді кезіктірдім. Теңіз жағалауында таныстық. Екеуіміз бір-бірімізге бір көргеннен ғашық болдық. Бірнеше күннен соң, іс-сапарым аяқталғанда мен Қазақстанға қайтуым керек болды. Біз сол бірнеше күнді бірге өткіздік. Достарымызбен тіпті Ибицаға ұшып барып келдік. Сосын мен Қазақстанға қайтып кеттім. Шынымды айтсам бұл қарым-қатынастың болашағына басында сенбедім. Болашағымыз жоқ деп ойладым. Бұған дейін тұрмыста болғанмын, бірінші некеден қызым бар дегендей. Негізі бірінші некем бірнеше айға ғана созылған. Қызым екі айға толмай, ажырасып кеттік. Қызымды ата-анаммен бірге тәрбиелеп өсірдік. Давидэмен танысқанымда қызым алты жаста, мен 34 жаста болдым», — деп бастады ол.
Маралдың айтуынша, бастапқыда әкесі италиялық күйеубалаға қарсылық танытқан. Алайда онымен жақынырақ танысқан соң, жастарға ақ батасын беріпті.
«Қазақстанға оралған соң, ол маған көп хабарласты. Тіпті екі мәрте келіп, менің қолымды сұрады. Әкем басында түбегейлі қарсы болды. Бөтен ел, мүлдем басқа менталитет. Оның үстіне менің қызым бар дегендей. Италия тым алыс болғандықтан, көп көрісе алмаймыз деп уайымдағандары да бар. Бәрінен де әкем көп қарсылық білдірді. Алайда ол Давидэнің өзге ұлт пен басқа дінде екеніне емес, біздің тым алыста болатынымызға қарсы болды. Отбасым бар-жоғы бес-ақ айда тұрмысқа шығып жатқаныма алаңдағаны рас. Олар біраз уақыт бір-бірімізді танып-білісіп көруге кеңес берді. Бірақ сүйіктім өз шешіміне сенімді болды. Ол уақыт жоғалтудың қажеті жоқ екенін түсіндіріп, менсіз өмір сүре алмайтынын айтты. Менің ата-анам оның тілін түсінбесе де, түрі мен көзіне қарап оның қандай адам екенін біле алды. Нәтижесінде әкем Давидэмен танысқан соң оның адамдығына көзі жетіп, рұқсатын берді. Әкемнің ақ батасын алған соң Давидэ Италияға қайта ұшып кетті. Үш ай бойы видео арқылы байланыса тұруымызға тура келді. Себебі мен Италияға көшу үшін тиісті құжаттар жинадым. Оның үстіне баланы шетелге алып кетуге әкесінің рұқсаты керек болды. Бұл тұрғыда бұрынғы жолдасыма алғысымды білдіремін. Жағдайды түсініп, рұқсатын берді. Осылайша таныстығымыз бен тойымыздың арасы бес ай ғана болды. Біз азғантай уақыт аралығында рухани жақын адамдар екенімізді түсініп, тез шешім қабылдадық. Оған еш өкінбейміз. Жақында отбасы құрғанымызға үш жыл болмақ. Біздің София есімді қызымыз бар. Ол қазір екі жаста. Біз бақытты отбасымыз. Пандемия салдарынан ата-анам біздің тойда бола алмады. Араға үш жыл тастап, жақында олар Италияда қонақ болып қайтты. Үш апта бойы бізбен болып, біздің өмірімізді өз көзімен көрді. Көңілдері орнына түсіп, елге еш уайымсыз оралды. Олар менің дұрыс таңдау жасағанымды түсінді», — деді ол. Қазақстандық ару күйеуі жайлы да толығырақ айтып өтті.
«Күйеуім италиялық. Ол – католик. Менен бес жас үлкен. Ол нағыз ер азамат. Әркез сөзінде тұрады. Жолдасым жарқын жүзді, ақылды адам. Ол ірі италиялық транспорттық компанияда жоғары лауазымда жұмыс істейді. Бармаған елі жоқ. Көптеген мемлекетте болған. Жүрегі кең, ақкөңіл азамат. Бірінші некеде туған қызыммен арақатынасы өте керемет. Ол менің қызыммен тіл табысу үшін барын салды. Күйеуімнің осы қасиеті мені баурап алды. Қазір тіпті оны өгей әкесі деп айта алмаймын. Ол қызым үшін туған әкесіндей болып кетті. Оның отбасы маған өте қатты ұнайды. Олардың отбасылық құндылықтары бөлек әңгіме. Олар консервативті көзқарасты ұстанады. Жанұясында ажырасуға жол жоқ. Бір рет үйлендің ба, өміріңнің соңына дейін сол отбасыңмен болуың керек. Бүгінде біз үлкен италиялық отбасымыз. Тату-тәтті тұрамыз, бір-бірімізге әрдайым қолдау көрсетеміз. Оның жақындары мені өте жылы қабылдады. Жолдасым екеуміздің барлық тұрғыдан ойымыз бір жерден шығады. Біз бір толқындамыз десем артық болмас. Италияда отбасылық құндылықтарға ерекше мән берілген. Заң әрдайым әйелдер мен балалар жақта. Сол себепті бұл елде ер адамдар жанұяға зор жауапкершілікпен қарайды. Италиялық азаматтар өте кеш үйленеді немесе мүлдем үйленбейді», — деді Марал Құрыш.
Марал Құрыштың сөзінше, қайынжұрты да бастапқыда олардың қарым-қатынасына оң көзбен қарамаған. Давидэның отбасы оның тым тез үйленіп жатқанына алаңдапты.
«Азғантай уақыт қана таныс арумен жанұя құрайын деп жатқаны оларды қатты таңғалдырды. Себебі маған дейін оның өмірінде түрлі әдемі әйелдер болған. Біреусімен тіпті сегіз жыл бойы бірге тұрған. Бірақ ешқашан отбасын құрып, балалы болғысы келмеген. Сол себепті жанұясы алаңдады. Оның үстіне мен өзге ұлт өкілімін. Оған қоса олар Қазақстан туралы бұған дейін мүлдем естімеген болып шықты. Басында осындай жағдай болғанымен, кейін таныса келе барлық күдігі сейілді. Қазіргі таңда тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз», — деп ағынан жарылды Марал.
Қазіргі уақытта Италияда тұрып жатқан отбасы қазақи салт-дәстүрлерді де ұстанып тұрады. Марал Құрыштың айтуынша, бұл тұрғыда италиялықтар мен қазақстандықтардың ұқсас тұстары жоқ емес. Оған қоса күйеуіне Қазақстан өте қатты ұнаған. Давидэ еліміздің әсем жерлерін аралап, табиғатына тәнті болған.
«Италияда маған бәрі ұнайды. Таулары, теңіздері, тамақтары, халқы. Бәрі көңілімнен шығады. Италиялықтар шынымен көңілді халық. Олар қазақтарға да ұқсайды. Италиялықтар да біз секілді туған-туыс болып жиналғанды, тойлатқанды ұнатады. Қазақстанды қатты сағынамын. Бірақ балалардың балабақшасы, мектебі, күйеуімнің жұмысы салдарынан жиі бара алмаймыз. Күйеуімнің көңіліне біздің ұлттық тағамдар, қазақи менталитет жағады. Ол тіпті Алматыдан жұмыс табылса көшіп кетуге дайын. Оған Қазақстандағы өмір, бағалар, табиғат бәрі ұнайды. Бастапқыда маған Италияда қазақи тағамдар жетіспеді. Бірақ мен жылқының етін тауып, бешбармақ жасайтын болдым. Италиялықтарға қатты ұнады. Оларға шапан кигізіп, біздің мәдениетпен де таныстырып жатырмын», — деді ол.