«Әйелін жағып жіберген соң суицид жасаған»: отбасының 6 баласы жетім қалды
Тараз қаласында 54 жастағы ер адам әйелінің үстіне бензин құйып, үйімен қоса өртеп жіберген. Артынан өзі өлі күйінде табылды. Бұл сұмдық оқиға көпшіліктің жағасын ұстатқаны анық. Отбасының тыныс-тіршілігі қандай болғаны жайлы көршілері журналистерге айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК-ға сілтеме жасап.
Марқұм болған ерлі-зайыпты – 6 баланың ата-анасы. Отбасының тұңғышы 22, ал кішісі 3 жаста. Көршілерінің айтуынша, бұл отбасы тып-тыныш, бақытты өмір сүрген.
«Қарапайым отбасы. Біз алғаш келгенде үйлері күркетауықтай кішкентай ғана болатын. Екеуі де еңбекқор, өз еңбектерімен осы үйді тұрғызды. Жақында ғана шатырын салған. Енді пендеміз ғой, ненің ортасына кіріп кеткенін, орталарында не болғанын естіп-білген жоқпыз. Балаларын туысқандарының үйіне түнде алып кетті», — деді көрші Ділдә Сыдыманова.
Қайғылы оқиға болған сәтте балалардың бәрі туыстарының үйінде болған. Олардың үйі тұтас өртеніп кеткендіктен, көршілері оны қалпына келтіруге көмектесуге ниетті.
Еске салайық, Тараз қаласында сағат 22:59-да «Шалғай Қарасу» ауданы, Наркескен көшесінде орналасқан жеке тұрғын үйде 100 шаршы метр алаңда өрт шықты. Әйел алған күйіктерінен ауруханада қайтыс болды. Ал ер адам оқиға орнына жақын жерде өлі күйінде табылды. Оның өлімінің алдын-ала нұсқасы – суицид.