Менің балам (Ұл мен қыз)

Әйел сегіз жыл дегенде көтерген баласын өмірге әкелгеннен кейін оны туғанына өкініп қалды

Ұлыбританиялық әйел жүкті болу үшін миллиондаған қаражат пен сегіз жыл жұмсаған. Алайда сәбиін дүниеге әкелгеннен кейін балалы болғанына өкініп қалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Daily Mail порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Болашақ ана жүктілікті 36 жасынан бастап жоспарлаған. Ер адаммен қарым-қатынаста болмаған соң ол аналық жыныс жасушасын мұздату туралы шешім қабылдайды. Бірнеше жылдан кейін әйел донор тауып, ЭКҰ (экстракорпоральды ұрықтандыру) көмегімен бала көтеруге тырысады. Бірақ нәтиже болмай қалады. Кейінірек ол болашақ күйеуін жолықтырады. Алайда табиғи түрде жүкті болу әрекеті мерзімінен бұрын босануға және баланың өліміне әкеледі. Британдық әйел ақырында 44 жасына дейін көптеген процедураларға шамамен 100 мың фунт стерлинг (54 миллион теңгеден астам) жұмсағаннан кейін барып жүкті болады.

Алайда оның айтуынша, көптен күткен ұлы туғаннан кейін оған деген сүйіспеншілік сезімін сезінбеген көрінеді. Бала дүниеге келген соң қуаныш бірнеше аптаға ғана созылған. Бұдан соң әйелдің ана болуға деген жек көрініш сезімі ояна бастапты.

«Сол сәтте «өз қалауыңызға абай болыңыз» деген сөз миымнан шықпай тұрып алды», — деп есіне алады ол.

Британдық әйел ұлын жек көргені үшін өзін үнемі кінәлағанын айтады. Үнемі өзін «тасжүрек» ана деп санаған. Ол ақырында қолдау табуға тырысып, интернет-блог жүргізе бастайды. Желіде өз ойларымен бөлісіп, сезімдері туралы сөз қозғайды.

«Адамдар бәрі жақсы болады деп айта бастады. Олар алты аптада, он аптада, үш айда, алты айда… дейтін. Бұл әлсіз жұбаныш болса да, келесі алты сағатты өткізуге көмектесетін», – дейді сәбидің анасы.

Дегенмен әйел баласының алғашқы күлкісін көріп, оның даусын естігенде өмірін жек көруді тоқтатқанын айтады. Сонымен қатар оның жүйке жүйесін қалпына келтіруге көмектесетін ұйқыға көбірек уақыты пайда болады.

«Ана болуды ең әдемі сөздермен сипаттайтын жағдайға әлі жеткен жоқпын. Бірақ бір күні балалы болу өмірімде болған ең жақсы дүние екенін түсінетін шығармын», — деп үміттенеді ол.

 

Другие новости

Back to top button