Аягөз қаласында трансформатор өртеніп, тұрғындар жарықсыз қалды
Абай облысы Аягөз қаласында Қабанбай көшесінің бойында жеке тұрған трансформаторда өрт шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт сөндірушілер ауа-механикалық көбікті пайдаланып, өрттің басқа аумақтарға таралуына жол бермей, оны толығымен сөндірді. Абырой болғанда, оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ.
Аягөз аудандық әкімдігінің оқыс оқиғаға қатысты ресми мәлімдеме жасады.
«Аягөз қаласындағы электр қуатымен қамтамасыз ететін орталық қосалқы стансада 23:20 шамасында өрт шыққандықтан, қалада жарық уақытша толықтай өшірілді. Қазіргі уақытта қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда», — делінген.
Әкімдіктің ақпараты бойынша, қалпына келтіру жұмыстары аяқталғаннан кейін бірқатар ауылдық округтерде электр қуаты қайта қосылған. Атап айтқанда, Баршатас, Мәлкелді, Емелтау, Мәдениет, Байқошқар, Қосағаш, Мыңбұлақ, Нарын, Өркен, Бидайық, Айғыз, Ақшаулы, Ақтоғай, Қопа және Тарлаулы ауылдарында жарық қалпына келтірілді.
Дегенмен, Аягөз қаласы мен Тарбағатай, Қарағаш, Майлин, Сарыарқа, Ақшатау, Мамырсу және Ақши ауылдық округтерінде электр қуатымен қамтамасыз ету уақытша тоқтатылған.
«Электрмен жабдықтауды қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр», — деп қосты аудандық әкімдік өкілдері.