Интервью

“АЭС салу жобасы бойынша ақпаратты барынша ашық түрде беру – сарапшылар қоғамының міндеті”

Асуан Сиябеков - «ҚАЭС» ЖШС Жаңа ядролық және энергетикалық технологиялар бойынша бас менеджер

Балқаш көлінің аңғарында салынатын атом электр станциясына (АЭС) 8 мың жұмыс күші керек. Оның ішінде ядролық физика, атомдық реакторлар, техникалық физика мамандықтар бойынша екі мыңнан астам адамның қажеттілігі туындайды. Елдің шығысында өндіріліп жатқан уранның қызығын қай елдер көріп келеді? Реакторлардағы ауыр апаттың болу ықтималдығы қаншалықты төмен? Azattyq Ruhy тілшісі осы саланың маманы, «ҚАЭС» ЖШС Жаңа ядролық және энергетикалық технологиялар бойынша бас менеджер Асуан Сиябековпен сұхбаттасып, күрделі сұрақтарға жауап іздеп көрді.

— Асуан, елімізде атом электр станциясының құрылысын жүргізу туралы мәселе соңғы уақытта жиі көтеріле бастады. АЭС салудың артық, кемшін тұстарына тоқталып өтіңізші.

— Елімізде электр энергиясын генерациялайтын жабдықтардың 70%-дан астамы тозған, ал әлем елдері мен Еуропалық Одақтың көміртексіз таксономиясына сәйкес Қазақстанға көмірсутек көздерінде жұмыс істейтін энергетикалық станциялар құрылысына инвестициялар көзделмеген. Сондықтан ҚР атом энергетикасын дамыту және атом станциясын салу барлық санаттағы тұтынушыларды, оның ішінде өнеркәсіптік кәсіпорындар мен халықты үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін неғұрлым қолайлы болып саналады.

Атом электр энергиясын генерациялаудың артықшылығы – парниктік газдар шығарындыларының болмауы. ҚР аумағында АЭС-ті пайдалануға беру, көмір мен газ негізіндегі электр энергиясын өндіруді алмастыру есебінен атмосфераға көмірқышқыл газы шығарындыларының жалпы көлемін орта есеппен жылына 8 млн тоннаға қысқартуға ықпал тигізеді.

Қазақстанда АЭС салу экономиканың барлық саласына, сондай-ақ ғылымға, білімге, әлеуметтік салаға оң мультипликативтік әсер етеді, жоғары технологиялық, ғылымды қажетсінетін технологиялар мен аралас салалардың жедел дамуына мүмкіндік береді. Сондықтан Қазақстан аумағында АЭС құрылысының жүргізілуін қарастыру — дұрыс шешім болады деп ойлаймын.

— Мемлекет тапсырысымен шетелдік мамандар АЭС салуды бастағанда оған отандық ғалымдар үлес қоса ала ма? Мәселен нақты қандай сала бойынша жауапты жұмыстарды атқара алады?

— Елдегі алғашқы АЭС-ті салу және сәтті пайдалану үшін тәжірибесі бар, технологиясы сынақтан өткен реакторлор қарастырылады. Яғни бұл реакторларда шетелдік ғалымдар өздерінің сынама жұмысын не болмаса АЭС қауіпсіздігін есепті зерттеу әдістерін жүргізген. Сондықтан біз сынама жұмыстары атқарылған реакторлар тобын қарастырамыз. Осыған орай, АЭС құрылысын бастаған сәтте ядролық физика ғалымдарының қажеттілігі туындамайды.

Дегенмен АЭС-ті қолданысқа берген сәтте ғалымдардың қажеттілігітуындайды. Мысалы біздің ғалымдар атом энергетикасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында іргелі және қолданбалы зерттеу жұмысын жүргізетін болады. Сондай-ақ ҚР Ұлттық ядролық орталығының ғылыми жұмыстар бойынша тәжірибесі ҚР атом-энергетикалық жобасында сөзсіз пайдаланылатын болады. Сол сияқты мамандарымыз АЭС орналасатын ықтимал аудандарды зерттеу бойынша жұмыс жүргізді, ал нәтижесін тәуелсіз сараптама жүргізген жапон мамандары растады.

— Электр энергиясын өндіретін ядролық қондырғы іске қосылған жағдайда халық тұтынатын электр энергиясы қаншалықты қымбаттауы немесе арзандауы мүмкін?

— Бұл сұрақ Энергетика министрлігінің құзыретіне жатады. Өз тарапымнан айтар болсам жаңа энергияны генерациялайтын жабдық іске қосылса, энергетика саласына әсерінің болмау ықтималдығы өте аз. Яғни тарифтерге әсері болатыны анық. Ал тарифтерді реттеу механизмі біздің елде қарастырылған.

— АЭС-ті шетелдіктер салып берді делік, бірақ оның ары қарай қауіпсіз жұмыс істеуі үшін қанша білікті инженер және одан бөлек қандай мамандар керек?

— Ядролық-энергетикалық технологияларды жеткізушіні таңдау кезінде Фукусимадан кейінгі талаптарды ескере отырып, станцияның қауіпсіздігі, эксплуатация және жаңа станцияларды салу тәжірибесі, кадрларды даярлау мүмкіндіктері, оқшаулау дәрежесі, нормативтік база және құжаттама даярлығы сияқты бірқатар негізгі көрсеткіш қарастырылады. Сондай-ақ АЭС-ті қазақстандық отынмен қамтамасыз ету және оған қызмет көрсету мәселелері бойынша талаптар қаралуда.

АЭС қызметкерлеріне келетін болсақ, жалпы әлемдік практикаға сәйкес, АЭС-ті пайдалану кезеңінде орта есеппен жоғары және орта-арнайы білімі бар 2000-ға жуық адамнан тұратын персонал талап етіледі. Ол үшін атом энергетикасын дамытудың шеңберінде кадрлар даярлау жоспары жеке әзірленеді, оның негізінде мамандардың қажетті санын даярлау ұйымдастырылады. Атап айтқанда қазірдің өзінде Қазақстанның атом саласында 20 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Бұл ретте АЭС пайдалану үшін мамандандырылған кадрлар станция пайдалануға берілгенге дейін алдын ала дайындалады.

Құрылыс кезеңінде шамамен 7-8 мың жұмыс орны құрылады, одан әрі пайдалану персоналы үшін шамамен 2 мың адам қажет болады оның ішінде ядролық физика, атомдық реакторлар, техникалық физика, энергетика және т.б. сынды мамандар жұмылдырылады. Бірақ АЭС-те жұмыс істейтін атом саласы бойынша персоналдың үлесі — 20%, ол жоғарыда айтылған 2000 адамның қатарына енеді.

— Уранға бай елдердің бірі болсақ та АЭС бүгінге дейін неліктен салынбай келді? Бұл ғылымның кенжелеп тұрғанының белгісі ме, әлде өзге де себептері бар ма?

— Тәуелсіз Қазақстанда АЭС салу мәселесі екі рет қаралды. 1997 жылы Балқаш АЭС құрылысының ТЭН әзірленді. Бұдан әрі 2008 жылы Маңғыстау облысында АЭС құрылысының ТЭН әзірленді. Менің ойымша екі жағдайда да қаржы мәселесі құрылыс туралы түпкілікті шешім қабылдауға мүмкіндік бермеді. Алайда бізде осы жобаны іске асыру үшін барлық қажетті алғышарт бар. Біріншіден, атом реакторының жұмыс тәжірибесі. Ақтаудағы БН-350 – әлемдегі алғашқы жылдам нейтронды атом реакторы. Ол 1973 жылдан 1999 жылға дейін жұмыс істеді. Қазіргі уақытта пайдаланудан шығару жүргізілуде.

Екіншіден, даярланған жоғары білікті кадрлардың болуы. Елімізде атом саласында жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны – 20 мыңнан астам адам, оның ішінде 15 мың адам негізгі/ өндірістік персонал. 2010 жылдан бастап Қазақстанның жоғары оқу орындарында 2 мыңнан астам бакалавр, 900-ден астам магистр, 135 доктор PhD даярланды. «Болашақ» бағдарламасы аясында 2010 жылдан бастап атом өнеркәсібі, Атом ядросы және бөлшектер физикасы, Техникалық физика (атом электр станциялары мен қондырғылары), Ядролық инженерия мамандықтары бойынша 21 бакалавр, 12 магистр және 1 маман даярланды.

Үшіншіден, 2009 жылдан бастап Қазақстан әлемдегі ең ірі уран өндіруші болып саналады. Әлемдегі атом энергетикасының барлық қажеттілігінің шамамен 40% қазақстандық уранмен қамтамасыз етіледі.

Тағы бір мүмкіндігіміз, еліміздің шығысындағы ҮМЗ зауытында уран ұнтақтары мен таблеткаларын өндіру тәжірибесі бар. Сондай-ақ, өткен жылдан бастап біз ядролық реакторға жүктелетін ядролық отынның соңғы түрі болып саналатын жылу шығаратын қондырғыларды өндіруді бастадық және бұл жылу шығаратын қондырғыларды (ядролық отын) Қытайдағы атом электр станцияларына жеткіземіз.

Сол сияқты атом саласындағы ғылымды дамытуды ҚР Энергетика министрлігіне ведомстволық бағынысты кәсіпорындар – Абай облысы Курчатов қаласында орналасқан ҚР Ұлттық ядролық орталығы (ҰЯО) және Алматының жанындағы Ядролық физика институты (ЯФИ) жүзеге асырады.

Бұдан бөлек ядролық медицина және биофизика. Радиофармацевтикалық препараттарды қолдану әртүрлі ауруларды алғашқы сатыда-ақ анықтауға мүмкіндік береді. Импортқа тәуелділікті жеңу мәселесін шешу үшін Ядролық физика институты маңызды медициналық изотоптар мен радиофармпрепараттарды алу технологияларын әзірлеуді жүргізеді. Қазірдің өзінде технеций – 99, йод – 131, таллий – 201 және галий – 67 сияқты изотоптары бар арнайы препараттар өндірілуде.

— АЭС салуға кететін шығын өзін қанша жылдан соң ақтауы мүмкін?

— Енді қаржыландыру бойынша әлемдік тәжірибеге сүйенсек, АЭС секілді үлкен жобаларды іске асырғанда, қаржыландырудың әртүрлі сұлбаларын қолданады. Мысалы инвестициялық жобаны қаржыландырудың ең танымал нұсқасы – EPC-келісімшарты («толық аяқталған»). Соңғы уақытта атом энергетикасындағы ірі жобаларды қаржыландыру үшін жаңа схемалар белсенді қолданыла бастады: жеке капитал басты рөл атқаратын ВОО және ВООТ. Қаржыландыру моделі мен оның шарттары бүкіл жобаның құнына әсер етеді. Сондықтан қаржыландыру көздері мен оның көлемі бойынша жұмыстар вендорды таңдау кезінде анықталатын болады.

— Қай елдерде АЭС озық үлгімен, қауіпсіздігі жоғары деңгейде салынған деп ойлайсыз? Ал бізге қай мемлекет үлгі?

— АЭС үшін тек заманауи III және III+ буынды реакторлық қондырғылардың ұсыныстары қаралып, талданып жатыр. Елімізде АЭС салуға ниетті KHNP (Оңтүстік Корея), EDF (Франция), Росатом (Ресей), CNNC (Қытай) кәсіпорындарының ұсыныстары қарастырылу үстінде. АЭС салу мақсатында вендорды таңдау бойынша жұмыс әлі де жүріп жатыр. Жалпы заманауи реакторлардың 13 жобасының техникалық ұсыныстары қаралды.

NuScale Power мен General Electric – Hitachi компанияларының шағын модульдік реакторлық қондырғыларының бүгінгі күні жұмыс істеп тұрған прототиптері жоқ. Алайда болашақта осы технологияларды қарастыру мәселесіне оралуға болады. Осыған байланысты алғашқы АЭС салу үшін потенциалды мердігерлер саны төртке азайды.

— Семей полигоны бар, сол сияқты Чернобыль апатынан соң халық АЭС қауіпсіздігіне күмәнмен қарайды. Бұл күмәнді сейілту үшін қандай мәліметтерді мысалға келтіруге болады?

— Шынымен атом электр станциясына қорқақтап, күмәнмен қарайтындар жоқ емес. Радиофобия пайда болу себептерімен күресу үшін АЭС салу жобасы бойынша ақпаратты барынша ашық түрде беру – сарапшылар қоғамының міндеті.

Ал қауіпсіздік мәселесіне тоқталатын болсақ, заманауи реакторларда радиоактивті материалдардың шығуын болдырмау үшін бірнеше дәйекті және тәуелсіз қорғаныс жүйелері қолданылады. Бұған әртүрлі қауіпсіздік жүйелерін қолдану арқылы қол жеткізіледі. Жаңа реакторларды жобалау кезінде көптеген тәуекелдер есептеледі. Жалпы, ұқсас деректермен салыстырсақ, қазіргі реакторлардағы апаттың ықтималдығы ұшақ апатынан қаза болу көрсеткішінен 100 есе төмен.

Тағы бір мысал – апат кезінде реактор жұмысының дербестігі 72 сағатқа дейін жетеді. Яғни реактор адамның көмегінсіз-ақ өздігінен тоқтап, үш тәулік бойы қауіпсіз жағдайда бола алады.

— АЭС жылына қанша тоқ көзін өндіре алады және еліміздегі электр энергиясының тапшылығын қанша пайызға азайтуға қауқарлы?

— Электр тұтынудың есептік құрылымын, жұмыс істеп тұрған ірі тұтынушылардың, халық саны мен жоспарланып отырған жаңа кәсіпорындардың өсуі жөніндегі деректерді ескере отырып талдау жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша Қазақстанның біртұтас электр энергетикалық жүйесінде ең жоғары электр жүктемесі 2035 жылы ағымдағы 15,8-ден 23 ГВт-ға дейін, ал электр тұтыну 2021 жылдағы 113,9 ТВтсағ-тан 2035 жылы 153 ТВтсағ дейін өсетінін көрсетті. Осыған байланысты, Солтүстік-Оңтүстік бірлестігі бойынша базалық қуаттың тапшылығы 2035 жылға қарай 3,2 ГВт-ты құрайды. Тиісінше, базалық қуаттың тапшылығын жабу үшін қуаты 1000-нан 1400 МВт-қа дейінгі кемінде екі блокты АЭС салу қажет.

— Әңгімеңізге рақмет!

Другие новости

Back to top button