Госорганы

АЭС салсақ электр энергиясының құны қанша болады? — «Самұрық-Қазына» қорының басшысы

«Самұрық-Қазына» АҚ басқарма басшысы Нұрлан Жақыпов Қазақстанда жаңа атом электр станциясының салынатынына күмән келтіретінін айтты. Бұл туралы  ҚазТаг басылымы хабарлайды. 

 

«Атом электр станциясы — өте қымбат дүние. Станцияның құны миллиардтаған, мүмкін ондаған долларды құрайды. Атом электр станциясы өзін ақтау үшін тариф қандай болуы керек? Ондай тарифке шамамыз келе ме? Барлығымыз электр қуатын пайдаланамыз, ұялы телефонымызды қуаттаймыз, интернетке кіреміз, теледидар көреміз. Ал ертең атом электр станциясын саламыз делік, онда электр энергиясының құны қанша болады?», — деді Нұрлан Жақыпов.

Жақыпов егер шешім қабылданса, атом электр станциясы қай өндіруші немесе сатушымен салынады деген сауал туындайтынын айтты. Сонымен қатар құрылысқа 10 жылдай уақыт кетуі мүмкін, қыруар қаржы қажет болады дейді ол.

«Атом электр стансасын салуға қойылатын талаптардың бірі – жақсы үлкен су қоймасының болуы. Экология жағын біле бермеймін, бірақ мен есептерді оқып жүрмін. Каспий қазірдің өзінде тартылып жатыр, Балқаш та таязданып барады. Біреуін таңдап, атом электр станциясын салып, 10 жылдан кейін су тағы 10 метрге тартылатын болса, не болмақ? Біз күн сайын өзгеріп жатқан заманда жұмыс істеп отырмыз. Дарвин айтқандай, ең күштілер емес, ең жылдам бейімделетіндер аман қалады. «Қоя салайық» деп шешім қабылдай алмаймыз. Ал 10 жылдан кейін ол салынғанда су болмаса ше? Оған қоса, жергілікті тұрғындар тарапынан әлі де сұрақтар бар: бүйірінде АЭС тұратынына бәрі бірдей дайын емес. Сондықтан бірқатар сұраққа салмақты жауап беріп алып, бір-ақ шешім қабылдауымыз керек» — деді Жақыпов.

Другие новости

Back to top button