Выбор редакцииИнтервью

АЭС – берекелі энергия көзі

Бүгінгі күннің басты тақырыбына айналып отырған АЭС құрылысының жобасы қоғамда қызу талқыланып, халық назарына іліккеніне де біршама уақыттың жүзі болды. Алғашқы кездегідей емес, қазір қарсылық танытушылар қарасы азайып, қолдаушылар қатары көбее бастады. Үкімет тарапынан елімізде атом энергетикасын дамытудың қажетті жағдайлары қарастырылып жатыр. Ал сала мамандары тұтынатын энергия көздерін сарқып алмас үшін дәстүрлі энергия көздерімен қоса атом энергиясын қоса-қабат дамытуымыз керек деген пікірде. Осы мәселелер жайында атом энергетикасы саласының маманы, ғалым, физика- математика ғылымдарының кандидаты, профессор Әділхан Шоқановпен болған әңгіме барысында баяндалған болатын.

 

– Әділхан Қасымбекұлы отандық атом энергетикасының әлеуеті тұрғы­сын­да пікіріңізді білсек?

– Елімізде атом энергетикасын дамыту төңірегіндегі әңгіме, қоғам арасында қызу талқыға түскеніне де біраз уақыттың жүзі болды. Кезінде Ақтау қаласындағы 350 БН АЭС-ы жұмыс істеген болатын. Жалпы, отыз жылдай осы сала жайында сөз қозғалып жүр. Үш рет Үкімет қаулы да қабылдады. 1996 жылы Ақтауда аталған салаға байланыс­ты кең көлемде халықаралық конференция өтіп, сол кездегі Энергетика министрі В.С. Школьник «Жақын арада атом электр стансасы салынады» деген шешім қабылдағаны бар. Оның құрылысын жүргізуге жергілікті халықтың рұқсаты мен қолдауы керектігін айтқан. Көп ұзамай Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік өкілдерінің қатысуымен өзге де кездесулер өтіп, талқылай келе, аталған сала бойынша мамандар дайындауға тиіспіз деген мақсат қойылды. Мен ол кезде Алматы Энергетикалық институтында декан едім. Мәскеудің Энергетикалық институтында тағылымдамадан өтіп, оқу барысына керек барлық құжаттарын алып, өзіміздің оқу үдерісімізге қолдандық. Сонымен Алматы Энергетикалық инс­титутына осы мамандықты ашқан болатынбыз. Іле-шала аталған мәселеге байланысты біздің құжаттарымызды, оқу жоспарын, басқа да оқу материалдары мен маман паспорттарының стандарттарын түгел қолдана отырып, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінде және басқа да оқу орындарында «Ядролық энергетикалық қондырғылар» деп аталатын алты жылдық жаңа мамандық ашылды. Аталған жоғары білім ордаларында он жыл уақыт ішінде жүзге жуық маман даяр­ланды. Онда Семейдегі Ұлттық ядролық физика орталығының және Алматыдағы Ядролық физика институтының ғылым докторлары, профессорлар, ғылым кандидаттары мен аға ғылыми қызметкерлері дәріс оқыды. Кейін АЭС салу шешімі ұзаққа созылғандықтан, бұл мамандық жабылып қалды. Осы мамандық бойынша білім алғандардың көпшілігі Ядролық физика институтында, Ұлттық ядролық орталығындағы атом реакторларында, басқа да өндіріс салаларында еңбек етеді. Десе де, 2012-2014 жылдар аралығында АЭС жобасын салу мәселесінің екінші кезеңі көтерілді. Қаулы қабылданып, атом электр стансасын дамыту ісі тағы да қолға алынды. Бірақ ол кезде де аяқсыз қалды. Қазір АЭС тақырыбы қоғамның күн тәртібінде тұр. Бұл – отыз жылда көтеріліп отырған үшінші кезең.

– Сонда осы отыз жылдың ішінде бұл мәселеге үшінші рет қайта оралып отырмыз ба?

– Иә, осы сұрақтың үшінші кезеңі десек болады. Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті мен Алматы Энергетикалық институтында қызмет етіп жүргенімде «Атом электр стансаның негіздері» деген пән болды. Бұл пәнде АЭС-тің пайдасын, оның қажеттіліктерін және қазіргі таңда неліктен АЭС керек екендігін біз түсіндіретінбіз. Аталған пән қазір Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің математика, физика, информатика факультетіндегі магистранттарға «физика» мамандығында жүргізіледі. Бұл ЖОО-да магистранттар еліміздің түкпір-түкпірінен келіп білім алып жатыр. Олардың қазіргі білімі осы салада өте жетік деп ойлаймын. АЭС мәселесі туралы халық арасында түсіндіру жұмыстары жоғары деңгейде жүргізіліп отырғаны – осы педагог мамандардың еңбектері. Бүгінгі күні АЭС-ті қолдайтын халық саны артып келеді.

Аталған саланы дамыту қажеттілігінің тағы бір себебі – бізде уран қоры жеткі­лік­ті. Уранның өндірісі бойынша елі­міз дүние жүзінде бірінші орында, ал қоры тұрғысында екінші орында. Егер 1996 жылы 15-20 орында болсақ, уран өн­діруде жаңа технологияны меңгеріп, осы жағдайды жоғары дәрежеге қоюға мүмкіндік туды. Қазір дүние жүзінде өндірілетін уранның 40%-дан астамы бізден шығады. Бастапқы кезде ядролық реакторларда пайдаланатын және жылу бөлінетін таблеткаларды өзіміз өндірмедік. Көрші елден өңдеп, қайтадан алғызу керек болды. Бүгінде таблеткаларды өзіміз шығаратын, өзіміз өндіретін, құрылысын өзімізде жасап, пайдалануға беретіндей мүмкіндік туған. Егер атом энергетикасын дамытудың алдыңғы кезеңдерінде осы жағдайлар болмаған болса, қазіргі үшінші кезеңде АЭС салуға қажетті барлық жағдай қалыптасты. Дүние жүзіндегі АЭС-тері бар 32 мемлекеттің жерінде 400-ден астам атом электрлік блок бар. Осының барлығын ескере отырып неге біз АЭС-ті қолдамаймыз? Келешекте энергетикалық тапшылыққа жол бермеу үшін АЭС құрылысын ертерек бастасақ, оны салуға кем дегенде 5 жылдан 8 жылға дейін уақыт кетеді.

– Яғни болашақта энергетикалық тап­шылықты сезбес үшін АЭС құры­лыс жобасын ертерек бастау керек деге­ніңіз бе?

– Көмірдің қоры 300-350 жылға, ал мұнай мен газдың қоры 50-60 жылға дейін жетеді деп жатырмыз. Ал жылдан-жылға бұл өнімдерді өндіру көбейіп келеді. Сол себептен олардың бағасы да қымбаттап, өндіретін қоры да азая береді. Сондықтан болар басқа тиімді энергия көздерін дүние жүзінде іздеп жатыр. Жылу энергетикасының шамамен 70%-ы көмірден, оның ішінде 20%-ы мұнай мен газдан, ал 10%-ы баламалы энергетикадан, 20%-ы АЭС-тен шығарылады. Сонымен қатар мұнай мен газдың қоры 50-60 жыл болатынын ескерсек, осы салада АЭС-тің алатын орны белгілі. Жылу энергетика көздерінің барлығы көмір қышқыл газы мөлшерін арттырып, қоршау (парниктік) тиімділігін туғызып, климатты өзгертеді. 2021 жылы қабылданған Париж келісіміне байланысты көміртегі өнімдеріне салық енгізіп отыр. 2035 жылға дейін көміртегін қолданатын жылу электр станциясы жұмысын толығымен тоқтату жолын қарастыруда. Осылай әлемдік деңгейде климаттың өзгеруіне шектеу қойылып, неше түрлі табиғи және аса қауіпті құбы­лыс­тарды алдын алу үшін жан-жақты мә­се­лелер қаралып жатыр. Аталған жайттарды ескерсек, дәстүрлі ЖЭС пайдасынан зияны көп сияқты. Энергия көздерінің тапшылығын ауыстыратын тек қана таза, көмір қышқылын шығармайтын, экологияға кері әсерін тигізбейтін осы АЭС бейбіт атом энергетикасын дамыту қажет деген тұжырымға келуге тиіспіз. Ешқандай ядролық және атомдық физикасы дамымаған, тіпті ғылымдары шамалы мемлекеттер де соңғы кезде АЭС-ті көбірек салып, өздеріне пайдаланып отыр.

Қазірдің өзінде еліміздегі электр энергия тапшылығының сезіліп тұрған жайы бар. Ал 2029 жылы 5,5 млрд кВт сағат болады деп жоспарлануда. Жылдар өткен сайын электр энергиясына тапшылық әр елде болады. Сондықтан көпшілік дамып келе жатқан мемлекеттер АЭС салуды қолға алып жатыр.

Оңтүстік Африка, Оңтүстік Америка, Азия елдерінен басқа да мемлекеттерде бүгіннің өзінде 50-ден астам АЭС салынуда. Дүние жүзінде басқа энергия көздерімен салыстырғанда атом энергетикасын ең көп өндіретін мемлекет – Франция (80%). Парижге барсаңыз түтін шығып жатқан бір мұржа көрмейсіз. Қандай тамаша! Біздің Алматыға келіп қарасаңыз, қара тұман, түтін көкті алып, ЖЭС-тер қалаға экологиялық жағынан кері әсерін тигізуде. Сондықтан әлем бо­йынша атқарылып жатқан ірі шараларды ескерсек, АЭС-тің бізге қажеттілігі бар деп ойлаймын.

– Атом энергетикасының өндіріс үшін маңызы қандай?

– Экономикалық жағынан келгенде, өндірісті дамыту және оны тізгіндеп отыру үшін бізге энергетикалық мұқтаждық болса, соның барлығын жабатын атом энергетикасы. Атом энергетикасы басқа жылу электр стансасына қарағанда адамға қолайлы, таза және пайдасы жетерлік. Барлық өркениетті дамыған мемлекеттер ертеңгі күнін ойлап атом энергетикасын дамыту саласына айрықша көңіл бөліп жатыр. Біз де осы мәселеге назар аударып, халық арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, бүгінгі мүмкіндігімізді пайдаланып, ертеңгі күнімізді ойлап, өндірісті әрі қарай осы қалпында ұстап тұру, оны дамыту үшін энергия көзі – атом энергетикасын қолдану дұрыс шешім. АЭС – алдымен халыққа жұмыс береді, инфрақұрылымды дамытады. АЭС өте күрделі технологиялық қондырғы болғандықтан, қауіпсіздік мәселесін сақтау бірінші орында болуы керек. АЭС-тің суға зияны бола ма, оны экологтар нақты зерттеп көруге тиіс. АЭС-тің бірінші және екінші тұйық контурларында, содан кейін суытқыш конденсаторлар жүйесінің барлығына су қолданылады. Су шығыны шамамен 1000 МВт АЭС үшін 50м3/с. болады. Ол судың ластануы, содан кейін оның экологияға, балыққа, жасыл жүйеге әсері бар десек, оны біз экологтармен бір мәмілеге келіп, тереңірек қарастыруымыз қажет. Аталған мәселені Парламентте де талқыласа дұрыс болар еді.

– АЭС-тегі шығарындылар мәселесі қалай шешілмек?

– Бұл жерде жылу бөлінетін таблетка­да­ғы қалдықтар туралы айту керек. Қазіргі үшінші сатыдағы реакторлардың даму жүйесін көрсеңіздер, төменгі фонды сәуле шығаратын қалдықтарды утилизация жасайтын қауіпсіз жаңа техологиялары даму үстінде. Осы сала бізде де дұрыс жолға қойылған.

– АЭС құрылысының жобасы қолға алынса, үлкен бір ғылыми жаңалыққа жол ашары анық емес пе?

– Елімізде АЭС салынса, ғылымда үлкен бір жаңғыру болады. Бұл бағытта елімізде қазірдің өзінде біраз істер қолға алынған. Ядролық физика институты мен Ұлттық ядролық орталығында дүниежүзілік жоғары деңгейдегі біраз ғылыми мақалалар бар. Сондықтан ғылымда, материалтану мәселесі бойынша ядролық физика, ядролық технология, ядролық медицина, машина жасау, геология, тау кен, мұнай және газ саласында үлкен бір серпіліс болады деп ойлаймын. Дәстүрлі энергетика көздерінің сарқылатын мерзімі де жетер, сондықтан атом энергия көздерін дамытуды бүгіннен бастауымыз керек.

Дреккөз: «Egemen Qazaqstan»

Другие новости

Back to top button