Абай қаласы да Екібастұздың күйін құша ма: ондаған көпқабатты үй мен мектептерде жылу жоқ
Тұрғындардың айтуынша үйдегі температура күндіз 12-15 градусқа әрең жетеді
Қарағанды облысының Абай қаласында ондаған көп қабатты үй мен мектептерде жылу жоқ. 30 мыңға жуық тұрғынның тең жартысы пәтерінде жылытқыштармен күнелтсе, мектеп мұғалімдері балаларға жылы көрпе сұратып жатыр. Бұл туралы Azattyq Ruhy агенттігі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Алайда ызғар жел мен қатты аязға көрпе де төтеп болар емес. Жергілікті әкім «жылуды суық жел үрлеп кетті» дейді.
Расымен, жылу қайда кетті. 85 жастағы Марфа Бушкина пәтеріне жылытқыш қосса да бойын жылыта алар емес. Үйдегі температура күндіз 12-15 градусқа әрең жетеді, ал түнде тіпті төмен.
«Ауырамыз, өте суық. Жылытқыштар қосамыз. Оның өзінде күндіз күн шыққанда ғана жылынамыз. Бар тілегім үй жылынса екен. Ал балалар қырыққабат киініп, көрпеге орануға мәжбүр. Аязда мектепте сабақ жоқ, ғимараттар азынап кеткендіктен үйірмелер де уақытша тоқтаған. Жұрт жиналып, осы мәселені әкімге жеткізді. Әбден тозығы жеткен жылу жүйесін ауыстыруды талап етті», — Абай қаласының тұрғыны Марфа Бушкина.
«Кеше жазып жіберіпті: «бала жылы киініп келсін, астына орындыққа көрпеше алып келсін» деп. Балалар сонда тоңып отырады мектепте. Біз пневмания да болдық, бронхит та болдық. Бүкіл балам ауырып шықты», — Абай қаласының тұрғыны Жанна Камерова.
Өз кезегінде Абай қаласының әкімі жағдайды былайша түсіндірмек болды.
«Қатты аязда жел болғанда үйден жылуды желмен үрлеп кететін сәттер болады. Жел басылды, қазір түзеуі тиіс.
ГРЭС Топар кентінде орналасқан. Бізге 22 км арақашықтығы бар. Қатты жел болғанда ГРЭС-тен шыққан температура Абайға жеткенше бір 20 градустай жоғалады. Қолымызда 2 млрд 800 млн теңгеге арналған құжатымыз бар. Абай БАМ сорғы станциясынан Абай станциясы аралындағы жылу құбырын ауыстыру бойынша облыстық басқармаға өтінім берілген. Былтыр болмады. Биыл біз тағы да сол өтінімді беріп отырмыз», — дейді әкім.
Айта кетейік, жуырда Екібастұзда жылу желісінде апат болып, ЖЭО қазандықтарының жұмысы тоқтаған болатын.