Абай облысындағы 14 адам көз жұмған орман өрті: екі күдікті сотта жауап берді
Тірідей жанып кеткен марқұмдардың туыстары тергеуге наразы
Абай облысындағы алапат орман өртіне қатысты сот отырысы басталды. «Семей орманы» резерватының екі лауазымды қызметкері күдікті ретінде жауапқа тартылуда. Олар өрт қауiпсiздiгi талаптарын бұзды деген баппен айыпталған. Ал тірідей жанып кеткен 14 адамның туыстары бес айы бойы жүргізілген тергеу амалдарына көңілі толмай отыр. Себебі 60 мың гектар аумақты шарпыған тілсіз жауға тек екі адамның кінәлі болуы мүмкін емес дейді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Абай облысында 14 адамының өмірін жалмаған алапат өртке қатысты сот отырысы басталды. Алғашқы тыңдалымға жәбірленуші тарап толық келді. Дегенмен олар екі адамның ғана жауапқа тартылып жатқанына наразы.
Бородулиха ауданы сотына жиналған жұрттың қарасы қалың. Олардың бірі бауыр еті баласынан, енді бірі туған-туысынан айырылып қара жамылғандар. Жұрт бес айға созылған тергеу амалдарының аяқталуын асыға күттік дейді.
Алайда жәбірленуші тараптың тергеу жұмысына көңілі толмай отыр. Соның бірі — қайғыдан есеңгіреп әлі ес жинай алмай жүрген Дәмелі Байбазарова. Жалғыз ұлы Серікжан Тоқтасын 27 жасында жалаң қол отқа түсіп тірідей жанып кетті. Марқұм Мейрамгүл Жиенбаева екеуін сынып тұрған жеңіл көлікпен тілсіз жаудың ошағына жіберген жауаптылар жазадан құтылды дейді.
«Күдікті ретінде екі адамды ғана ұстап отыр. 15 адам өртеніп кетті. Балаларыңның тірідей жанып жатқанын көз алдыңа елестетіңдерші, Сұмдық! Басқалары қайда?», — деп күйінеді марқұм С. Тоқтасынның анасы Дәмелі Байбазарова.
Жәбірленушілер қарапайым орманшылардан бөлек, экология министрлігіндегі жауаптыларды да жазаға тартуды сұрауда. Себебі бүгінгі сотта тек «Семей орманы» резерватының екі лауазымды қызметкері ғана жауап беріп жатыр. Олар екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзды деген баппен айыпты деп танылған. Бірақ бүгінгі сот басталмай жатып кейінге шегерілді.
Айыпталушылар үйқамақта отыр. Егер кінәсі дәлелденсе, он жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Айта кетейік, Абай облысындағы орман өрті биыл 8 маусымда тұтанған. Бір апта бойы ырық бермеген қызыл жалын 60 мың гектар қарағайлы алқапты күлге айналдырды. Алғаш болып тілсіз жауды жалаң қолмен ауыздықтауға аттанған 14 орманшы қаза тапты. Кейін Бесқарағай ауданынан өрт сөндіруге келген тракторшы да тірідей жанып кетті.