Главное

Абай Бегейдің қызы заңсыз лотерея ойнататын парақшасын жанталаса бұғаттап, жазбаларын өшіріп жатыр

Блогер Гүлеркем Ниязқұлованың әлеуметтік желіде заңсыз ұтыс ойындарын ұйымдастыруын тоқтатпағаны үшін тағы да әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитеті Azattyq Rýhy редакциясының сауаланы жауап беріп:

«Ниязқұлова Гүлеркем Абайқызы тарапынан лотерея заңнамасын бұзу әрекеттері әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бір жыл ішінде қайталап жасалған жағдайда, тиісті тұлғаға Кодекстің 445-1 бабының 7 бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған, яғни аталған заңнмаманы бұзған тұлғаға әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау салдарынан алынған кiрiстер тәркiлене отырып, жеке тұлғаларға – екі жүз, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне жеті жүз елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынады», — деді.

Блогер бұған дейін заңсыз ұтыс ойнатқаны үшін 1 107 600 теңге төлеген еді. Ол Instagram парақшасында билеттер құнын 100 бен 1000 теңге аралығында белгілеп, алтын әшекейлер, қаракүзен тондары, қымбат көліктер мен пәтерлерді ұтысқа тігеді.

Сонымен бірге «SBG QURYLYS» ЖШС-нан пәтер алушыларды арнайы ұтыс ойынына шақырған. Оларды осы компаниядан пәтер алуға ынталандырып, 20 тұтынушының арасында автокөлік, шетелге жолдама, соңғы үлгідегі телефон ойнататынын айтқан.

Бұл туралы «Гүлеркем Ниязқұлованың «SBG QURYLYS» ЖШС-нан пәтер сатып алу бойынша ұтыс ойындарын өткізгендігі туралық нақты деректер ұсынылған жағдайда, оның әрекеттеріндегі құқық бұзушылық құрамына баға беріліп, тиісті әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесі қарастырылады», — деп жауап берді комитеттен.

Azattyq Rýhy Ниязқұлованың ұтыс ойнатуға еш құқығы жоғын хабарлап, Қазақстандағы лотерея өткізу операторы болып бекітілген «Сәтті Жұлдызбен» ешқандай келісімшарт жасаспағанын жазған соң, ол ұтыс ойындарын жүргізетін парақшасын бұғаттап, бүкіл постын өшіріп тастаған.

Абай Бегейдің қызы қанша заң бұзса да, тиісті органдар оған тек айыппұл салумен шектеліп отыр. Себебі ол билет құнын төмен бағалап, жеткілікті шектен асырмай отыр екен.

Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарлауынша, лотерея ұйымдастырушыны заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін билет жарнасынан түскен жалпы табыс 39,3 млн теңгеден асуы керек.

Сонымен қатар, тұлғаның кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен лицензиясыз айналысу кезінде тапқан табысының мөлшері салықтық тексеру актісінде көрсетіледі. Комитеттің хабарлауынша, блогерді салық органдары тексерген соң, тиісті салықтық тексеру актісі алынғаннан кейін әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаға тіркеліп, әкімшілік іс сот органдарының қарауына ұсынылады.

Еске салайық, Гүлеркем Ниязқұлова жақында ғана Ақтауда 3 бөліктен тұратын зәулім тойхана ашты. Әлеуметтік желіде оның құны 20 млрд теңге айтылып жатыр. Ал оған:

«Гивке қатысатын ақымақтардың ақшасына салған ғой», «ойынға қатысқан халықтың ақшасы шығар» «сол ойынға қатыспасын халық, бір көліктен он есе ақша түседі, миллиардтаған ақша қалталарында қалады», «халықтың үмітін, арманын аяқасты етіп, өтірік лоторея ойнатып алған ақша. Таңданбай-ақ қойыңдар, 20 млрд баяғыда тауып алған шығар», «салық органдары мұндай ақшаның қайдан келіп жатқанын тексеруі керек», деп пікір жазғандар көп.

Другие новости

Back to top button