Абай Бегейдің қызы мен күйеу баласы әлі тергеліп жатыр — ҚМА

Абай Бегейдің қызы мен күйеу баласына қатысты қылмыстық істі тергеу жалғасып жатыр. Azattyq Rýhy редакциясының сауалына Қаржылық мониторинг агенттігі осылай деп жауап берді.
Естеріңізде болса, әншінің қызы Гүлеркем Ниязқұлова мен оның күйеуі Instagram, TikTok және Telegram әлеуметтік желілері арқылы 850 мыңнан астам оқырман жинап, онлайн лотерея өткізген. Бұл туралы алғаш болып жазған редакция уәкілетті органдарға ресми сауал жолдап, Гүлеркем Ниязқұлова лотерея агенті емес екенін анықтаған еді.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, олар автокөлік, пәтер, басқа да бағалы сыйлықтарды жүлде ретінде ойнатқан. Осылайша заңсыз түрде 162 млн теңге табыс тапқан.
Қазіргі таңда күдіктілердің жылжымайтын мүлкі мен банктік шоттарына шектеу қойылды. Алайда Гүлеркем Ниязқұлова әлі күнге дейін әлеуметтік желіде жарнама жасап, парақшасын емін-еркін қолданып отыр. Оның әлеуметтік желі арқылы табыс табуына тыйым салынбаған.